Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда монополистер тарифті көтеруді талап ете бастады

  • AstanaTV
  • 20 қаңтар 2017
  • 2605

Алматыда жылу және электр тарататын кәсіпорындар тарифтерді қымбаттатуға ниетті. «Алматы электр станциялары» компаниясы тұрғындар үшін жылуды бірден 30 пайызға, ал жылу жүйелеріне қызмет көрсететін «Алматы жылу желілері» мекемесі 86 пайызға шарықтатуды сұраған. Бұл бойынша нақты шешім ақпан айында қабылданбақ.

Үш бірдей жылу электр стансасына иелік ететін «Алматы электр станциялары» кәсіпорны бағаны соңғы рет 2012 жылы көтеріп, жылу құнын 2936 теңге деп бекіткен. Өткен жылы қыркүйекте монополист компания жылу үшін бағаны 30 пайызға жоғарылатуды сұрап, табиғи монополияларды реттеу департаментіне өтініш жолдаған. Бүгін кәсіпорын басшылығы 2017-21 жылдар аралығындағы тариф саясатына арналған жобаны көпшілікке таныстырды.

Нұрлан Мұхамед-Рахымов, «АЛЭС» АҚ басқарма төрағасы:

Соңғы бес жылда бағаны көтермей ұстап келдік. Осы уақыт аралығында  шығындарымыз арта түсті. Отын бағасы бірнеше есеге өсті, инфляциялық процестер, тасымалдау құны ескеріліп, 2017 жылға шамамен 28 пайыз көтеру керек деген шешімге келдік. Ал 2021 жылға дейін жылына шамамен 4,8 пайыз өсім болуы керек.

Жылу жүйелерінің сапасына жауапты «Алматы жылу желілері» кәсіпорны да бағаны көтермесе, тұралап қалатын түрі бар. Компания шығындарын есептей келе, тарифті 86 пайызға көтеруді талап еткен. Өйткені қалада жылу торабының 64 пайызы тозған, оларды жаңалау тұтынушылар есебінен жүргізіледі дегенді олар бұған дейін де айтқан.

Талғат Малыбаев, «Алматы жылу желілері» ЖШС бас директорының экономика жөніндегі орынбасары:

Амортизациялық шығындар, күрделі жөндеу және жұмысшыларға жалақыны көтеру - біздің табысымызды орталады. Сондай-ақ тозған құбырлардың ұзындығы кемімей отыр. Осы шығындары ескере отырып, тарифті оңтайланыдруды ұсынып отырмыз. 

Қазір монополистердің өтініші Ұлттық экономика министрлігі комитетінің қарауында. Ұсыныс сараланған соң, тиісті шешім қабылданады. Қалалық департамент заң талабы бойынша бірнеше қоғамдық тыңдау өткізіп, тұрғындар атынан келген сарапшылардың пікірін білуге тиіс.

Бауыржан Қайырбек, Алматы қаласы ТМР және бәсекелестікті қорғау департаменті басшысының орынбасары:

Осы ақпан айының аяғында ол өтінімдер қаралып, шешім 1 сәуірден бастап осы тарифтер күшіне енеді. Мекемелер заңға сәйкес өз өтінімдерін ұсынып, ал депаратмент оларды қарап, артық шығындарды, дәледенбеген шығындарды алып тастап, соңғы шешімді қабылдайды.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

«Алматы электр станциялары» компаниясы - еліміздегі ең ірі энергокешен. Ол Алматы сияқты алып шаһардың 70 пайызын жылумен қамтамасыз етеді. Универсиада ойындарына арналған нысандарды салу, қаладағы тұрғын үйлердің көбеюі индустриалдық аймақтың құрылысына орай шығын артқан. Кәсіпорын ендеше бұл шығындарды тұтынушылар есебінен жабудан басқа амал жоқ дегенді алға тартады. 

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ