Ақтөбеде су басқан аумақтардан 200 ден астам қауіпсіз жерге көшірілді. Шалқар ауданының Бүйректөбе елдімекеніне арнайы пойыз жіберіліп, 6 адам эвакуацияланды. Облыс орталығында да жағдай мәз емес. 28 үйге су кірген. Өңірден Бақыт Қазанғапқызы толығырақ баяндайды.
12 республикалық және облыстық маңызы бар тас жолды қарғын су шайып кетті. Кейбір ауылдармен қатынас жоқ. Жем арнасынан тасып, Мұғалжар,Жағабұлақ, Мәртөк, Қобда мен Шалқардан 200 ден астам тұрғын эвакуацияланды. 100-і бала. Олар жылыту бекеттеріне орналастырылды.
Саид МОЛДАҚАРАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Жем өзенінің көтерілуінен Жағабұлақ, Бірлік, Шеңгелдіши ауылдарына әлі де сол қауіп бар. Жергілікті атқарушы билік ТЖД қызметкерлерімен бірігіп үлкен жұмыстар жүргізіп жатыр. Ойыл ауданы Көптоғай ауылдық округы Амангелді ауылында үйлерге қауіп бар.
Түнімен жаңбыр жауып, оған қырдың суы қосылды. Қалада 11 тұрғын үй алабы мен 28 үйге су кірген. Әсіресе Қурайлы ауылының тұрғындарына қиын болып тұр.
Бақыт ҚАЗАНҒАПҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Қурайлыға су кешкі бесте келе бастаған. Халық түнімен қарғын сумен күресіпті. Ақыры болмаған соң, тек құжаттарын алып үйлерін тастап шыққан.
Рысқали ҚАЛИМАТОВ, ҚУРАЙЛЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Түнгі бір жарымда белден су кешіп шықтым амал жоқ. Үйдің ішінде отыратын жер болмай қалды. Техниканың бәрі, мебель бәрі кетті. Үйдің ішінде жарты метрден су бар ғой. Полдың бәрі көтеріліп жатыр.
Ғабдолла АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚУРАЙЛЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Бұл жолы ана дамбаны жаппаған. Дамбаны жабу керек еді.Сонда русломен су Елекке кететін еді. Мынау содан келген су. Түнімен жаба алмады. Келіншегім екеуміз суды лақтыруға тек үлгеріп жатырдық.
Соңғы ақпарат бойынша қала көшелерінен 120 мыңнан астам су сорылды. 20 мың тонна қап,3 мыңнан астам инерттік материалдар тасылған. Ақтөбе әуежайы ұшу жолақтарын тазарту жұмыстарына байланысты бүгін таңғы алтыдан кешкі беске дейін жұмыс істеген жоқ .Үш халықаралық, 11 ішкі рейс кейінге қалдырылған.