Русский Сайттың толық нұсқасы

Мойынқұмдық полицейлер ақбөкен аулаған браконьерлерден айырылып қалды

  • AstanaTV
  • 20 қаңтар 2017
  • 3400

Жамбылдық полицейлер браконьерлерден айырылып қалды. Ақбөкен аулағандар сақшыларды көргенде көлігін тастай қашыпты. Қазір заңсыз киік аулағандар іздестіріліп жатыр. Ал Батыс Қазақстанда тек соңғы күндері ғана 34 бас киіктің өлексесі табылды. Браконьерлер тең жартысының мүйізін кесіп алған. Бүгінде ақбөкендерді қорғау мақсатындағы жұмыстар күшейтілді.

Еркін Карин, тілші:

Даладағы қуғын кезінде полицейлер қапы қалды. Жүрдек көлікпен жүйткіген аң аулағыштар ақыры жаны қысылғасын, жанармайы таусылған темір тұлпарын тастап, жаяу қашқан. Полиция қараңғыда жан-жаққа бытырай қашқан қаскөйлердің орнын сипап қалыпты.

«ОхотЗооПром» қызметкерлері автокөлікке нығыздап салынған 10 шақты бөкеннің өлексесін тапты. Күдіктілердің оқ-дәрісі, пышағы мен мылтықтары да бар. Тек көліктің не мемлекеттік нөмірі, не құжаты жоқ. Қашқындар киіктердің мүйіздерін өздерімен бірге ала кеткен. Қаскөйлер үшеу болуы мүмкін деген болжам жасалды. Мойынқұмдағы бөкендерге қырғидай тигендер қолға түссе, оңайлықпен құтылмасы анық.

Абырой Азаматов, Жамбыл облысы прокурорының аға көмекшісі:


Рейдтік шаралар кезінде «УАЗ» автокөлігі көзге түсіп, оны тоқтатуға шара қолданылған. Бірақ олар бұйрыққа тыңдамай, орнынан қашып кеткен. Қазір осы іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оның қорытындысымен күдіктілер үш жыл бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

Биылғы қыс Батыс Қазақстанды мекендеген киіктерге де ауыр тиді. Қаңтар басталмай жатып, 34 бас киік өлексесі табылды. Қаскөйлер олардың жартысының мүйізін кесіп алған. Бұл аздай, қалың қарда жануарлардың жайылуы қиындап, әбден әлсіреген. Сондықтан оларды құмды өңірге көшіру қарастырылды. Ол үшін арнайы техниканың көмегімен қар аршылып, 20 мыңдай киік Бөкей ордасына өткізілген. Қазір аймақта жедел штаб құрылып, Жаңақала, Бөкей ордасы аудандарындағы киіктердің қозғалысы енді әуеден тікұшақпен барланады. Ал ашық қалған Ақжайық пен Тасқала аудандарын инспекторлар қаршанамен шолып шықпақ.

Қайрат Қадешев, БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы:

6 қаршана алынды, біздің ең жанды жеріміз сол еді. Алдындағы болған жағдайлар да - сол қаршананың жоқтығы. Әлеуетті браконьерлер сол қаршана арқылы сондай жағдайға ұшыратып отыр. Қазір қылмыстық іс тіркелді. Тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаңақала ауданында 14 факті бойынша, Бөкей ордасында 20 факті бойынша.

Қазір киіктерді қорғау шаралары күшейтіліп, Ақтау мен Ақтөбе және Алматыдан барлығы 6 қосымша топ тартылған. Жем іздеген жануарлар қонысын жиі ауыстырады. Сондықтан оларды бақылау да оңай емес.

Былтыр Батыс Қазақстан облысында 70 мыңнан астам киік бары анықталған еді. Ит-құстың қырғыны мен браконьерлердің мылтығынан аман қалса, биылғы санақта бөкендердің саны 100 мыңнан асуы мүмкін деп болжануда.

Еркін КАРИН, Данияр ӘЛІМҚҰЛ