"Артезиан суы халықтыкі". Алматыдағы Қарасай ауданына қарасты Жамбыл ауылының тұрғындары осылай деп дабыл қағуда. Өткен ғасырдан бері ел игілігін көріп отырған жерасты суы жекеге сатылып кеткен. Оны кім істеді? Су көзі халыққа қайтарыла ма? Мәселенің мән-жайын тілшіміз жеткізеді.
Эленора ЫБЫРАЙҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Артезиан суын қазір 2000-ға тарта жергілікті тұрғын мен алыс-жақын ауылдар қолданып отыр. Ал жамбылдықтарда мұнан өзге су көзі жоқ. Бір күн бұрын міне мына жерден фундаментке жер қазған. Ал мемлекетке тиесілі мүлікті бір ғана адам қоршап алса, бүкіл елдімекен сусыз қалмақ.
Алтынай Өлмесова 2014 жылдан бері осында тұрады. Бұл жерден күнде немерелерімен келіп су алады. Артезиан жақын болғасын ғана осы жерден үй салғанын айтады.
Алтынай ӨЛМЕСОВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
Мінекей, мына жерде водакачкаға 4 сот үй бөлінген. Сол 4 сот үй ешкімнің жеке меншігіне өту мүмкін емес, халықтың игілігінде деген. Сол үшін мен осы учаскені алып, үйді салғанмын. Енді он шақты күн болды, сол жерді жеке меншікке сатып жіберген.
Нағжан БАЙХАНОВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
Жекеге сатылып кетті деп жан-жақтың бәрін қоршап алып, әнеу күні экскаватор, тракторларын әкеп тегістеп, енді сіздерге ешқандай су алынбайды деді. Қарапайым халыққа су жоқ деді сатып алған бала. Енді осы суды бізге - қарапайым халыққа қалдыруларыңызды сұраймыз.
Жергілікті билік өкілдері мәселеден хабардар. Қазір соны шешумен айналысып жатқандарын жеткізді.
Еламан ӨМІРБАЕВ, ЖАМБЫЛ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:
Жер қалай берілді, кімге берілді? Сол бойынша қазір толық мәліметтер жинап жатырмыз. Бүгін-ертең тиісті мемлекеттік мекемелерге тиісті хаттар жолданатын болады. Осы жерді қайтару бойынша. Жақында ғана көтерілген сұрақ бұл. Біз уже содан бастап тиісті құжаттардың бәрін дайындап жатырмыз.
Сондай-ақ әкім 2025 жылға дейін ауыл ішіне ауыз су құбыры жүргізілетінін айтты. Ал тұрғындар артезиан бұлағы да халық игілігінде қалса дейді. Себебі, оның ішкі ағзаға, асқазан, бүйрек жолдарына тигізер пайдасы зор.