Русский Сайттың толық нұсқасы

"АMANAT" партиясы суға кеткен ауылдықтарға гуманитарлық көмек жіберді

Батыс Қазақстан облысының орталығы мен екі ауданда да төтенше жағдай жарияланды. 5 ауылмен жол қатынасы үзіліп, 400-ден астам үй суға кетті. Бүгін Ақтөбеден алдырылған екі тікұшақпен су құрсауындағы ауылдықтар қауіпсіз жерге шығарылуда. Осы уақытқа дейін 600-ден астам адам эвакуацияланды.Енді төтенше жағдай Сырым ауданында да жарияланбақ. Өйткені бұл ауданның төрттен бірі су астында.

Бақытжан НАРЫМБЕТОВ, БҚО ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қоржын ауылының бойында салынған екі метрлік қорғаныс бөгеті бар. Су үш метрге көтерілді, ауылдың ішіне кірген. Былтыр бұл дамба ауылды осындай жағдайда су тасқынынан қорғап қалды. 80 жастағы ауылдың ақсақалының сөзіне қарағанда мұндай су көтерілу, мұндай су тасқыны кеңес заманында да болмаған тәуелсіздік кезеңін айтпағанда.

Дүние-мүлкін су басып, қиын жағдайда қалған Батыс Қазақстан облысының халқына "АMANAT" партиясы көмек қолын созды. Бір күндік жалақысын аударған партиялықтардан жарты күнде 5 миллион теңге жиналған. Бүгінде аудандағы бастауыш партия ұйымдарының мүшелері су басқан аймақта халықпен бірге жүр. "Жастар рухының" белсенділері де құтқарушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз етті. Су басқан кейбір ауылдармен бүгінде көлік байланысы үзілген, эвакуациялық бекетті паналаған тұрғындар киім-кешек пен азық-түлікке мұқтаж. Партиялықтар су кеткен елді мекендерді түгел қамтымақ. Бүгінгі гуманитарлық көмектің бірінші легі алдымен Қаратөбе ауданына жеткізіледі. Өйткені осы аудандағы ахуал қиын. Сонымен қатар мәслихат депутаттары халықпен кездесіп, өтініш-тілегін тыңдайды. 

Азамат САФИМАЛИЕВ, “AMANAT” ПАРТИЯСЫНЫҢ БҚОФ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ:

Таңертеңгі тоғыздан бастап қазір түске дейін 5 миллион теңге барлық деңгейдегі біздің партияластарымыздан қаражат жиналып, бірінші партия қазір Қаратөбе ауданындағы жерлестерімізге көмек жіберіп жатырмыз. Кішкентай балаларымызға, үлкен ересек азаматтарымызға жылы киімдер, резина етіктер, хозтоварлар, азық-түлік кетіп бара жатыр.