Русский Сайттың толық нұсқасы

Табиғи апаттан зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетіледі

Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе облыстарында бірнеше тәуліктен бері топан сумен күрес жалғасып жатыр. Ақтөбеде бес аудан және облыс орталығында төтенше жағдай жарияланды. Мыңдаған адам үйлерін тастап, эвакуациялық бекеттерді паналап отыр. Өңірлердегі жағдайды тілшілеріміз толығырақ жеткізеді.

Бақыт ҚАЗАНҒАПҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Бүгінгі түн Ақтөбеліктер үшін оңай болмады. Елек пен Қарғалы арнасынан тасып, жолындағы үйлерді жайпап кетті. Жергілікті билік шұғыл хабарлама таратып, тұрғындардың құжаттарын алып, эвакуациялық бекеттерін жетуін сұрады. Өңірде 236 үй, жүздеген аулаға су кірді. 2800 ден астам адам эвакуацияланды. Қарапайым халықтың өзі құтқарушылармен қатар жүріп мал-жанды аман алып қалып жатыр.

Алтынбек ӘБІШЕВ, ТҰРҒЫН:

Түнімен до утра кешеден бері әлі жүрміз. Ұйықтамадық. Қайықпен адам тасыдық, техника көтеріп жүрміз. Телевизор, холодильник, морозольник үйде не техника бар электричество барлығын көтеріп жүрміз.

Облыста 53 эвакуациялық бекет бар. Біреуінің өзінде қазір екі жүзге жуық адам бар. Тұрғындар өздерінің аман шыққандарына шүкірлік етіп отыр.

1. Менің жеті балам бар. 17 жылы да кеттік суға. Міне тағы кетіп жатырмыз. Баратын жеріміз жоқ.
2. Енді үйіміз бүкіл дүние мүлкіміз кетті. Крышамен бірдей болып тұр деп жаңа балам видео жіберді. Үкіметтен жәрдем сұраймыз.

 Қалада екі гуманитарлық көмек қабылдау орталығы ашылды.Қиын –қыстау уақытта ешкім қарап отырмай, қолда барын осында әкеліп, баспанасыз қалғандарға жылу жинап жатыр.

Оразбай ҰЛҚАБАЙ, № 71 МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ:

Волонтерлар жастар әсіресе қарапайым адамдар көптеген көмек жасап жатыр. Киім әкелепі жатыр. Басқа да төсек орын дәрі-дәрмек балаға қажетті заттар барлығын жеткізіп беріп жатыр.

Өңірде 1700-ден астам адам су тасқынымен күрес шараларына жұмылдырылған. Құтқарушылар, полиция, жергілікті билік өкілдері, 150 жуық әскери бөлім сарбаздары бар.Олар кешеден бері күн-түн демей құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Роман СКЛЯР, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Барлық қажетті шаралар жүзеге асырылады. Үкімет пен жергілікті ақтарушы билік тұрғындарға қажетті көмекті көрсетеді. Табиғи апаттан зардап шеккен жандардың барлығына тиісті өтемақы төленетін болады.

Бақыт ҚАЗАНҒАПҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Су тасқынынан келген шығынды арнайы комиссия есептейді. Негізінен қаражат облыстық қазынадан қарастырылады. Қажет болса, республикалық бюджеттен де бөлінуі мүмкін. Еркін, сендерде жағдай қалай? Мал-жан аман ба?

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Мал-жаның аман ба деп амандық сұрасатын ауылдағы ағайын қазір өз басымен қайғы. Өйткені дүние-мүлкі суға кеткен тұрғындар үш қабатты мектептің жоғары қабатында жан сауғалап отыр.

Бүгінде Қаратөбе ауданының Қоржын ауылындағы 130 үй түгелдей суға кетті. Су құрсауындағы ауылға көлік түгілі, қайықпен жету мүмкін емес. Қазір Қорғаныс министрлігі берген екі тікұшақ халықты қауіпсіз жерге шығарып жатыр. Ал бүлінген дүние-мүліктің, суға ағып өлген малдың есебі жоқ. Бастысы - адам аман!

Нұртас САФУЛЛИН, ҚАРАТӨБЕ АУДАНДЫҚ ІШКІ САЯСАТ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Тасқын судан зардап шеккен Қоржын ауылының тұрғындарын эвакуациялау жұмыстары аяқтала келді. Қазір азғантай уақыттан кейін тікұшақтың соңғы рейсі аудан орталығына жеткізілетін болады. Ең бастысы адам шығыны орын алған жоқ. Алайда көптеген тұрғын үйлер, қора-жайлар судың астында қалды. Мал шығыны болды. Алдағы уақытта нақты мәліметтер анықтала жатады.

Судың беті қайтқан соң арнайы комиссия құрылып, қандай зиян келгенін анықтайды. Шенеуніктер шығынды түгел өтеп береміз деп сендіріп отыр. Қазір төрт ауданда төтенше жағдай жарияланған.

Қалияр АЙТМҰХАМБЕТОВ, БҚО ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 Мал шығыны бар. Оны нақтылай алмай жатырмыз қазір. әлі су кеткен жоқ көп жерде. Ертең біздер ауыл шаруашылығы басқармасы, ветеринария басқармасы, сосын ветеринарлық инспекция бар республикаға қарайтын. Соның өкілдерін ауылдарға жіберейін деп жатырмыз.

Қазір оралдықтар су басқан ауыл тұрғындарына жылу жинап жатыр. Кеше гуманитарлық көмектің алғашқы легі Қаратөбе ауданына аттанса, бүгін жылы киім-кешек, астық пен көкөніс тиелген жүк көліктері Сырым ауданына жөнелтілді.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Бүгін түнде Маңғыстау облысының құтқарушылары арнайы техникасымен келіп жетті. Олар Орал қаласы мен Бөрлі ауданында тасқынға тосқауыл қоюға жұмылдырылады. Абзал, Қызылжардағы қызыл судың беті қашан қайтады деп жатыр?

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Қызылжарда қала ішіндегі үйлерді су басып жатыр. Әсіресе Ойлақала мен Рабочий кентінің жұрты жапа шегуде. Мәселен, Перминовых көшесіндегі ондаған үйдің тұрғындары кешеден сумен арпалысып жүр. Баспаналар сайда орналасқандықтан, еріген қар суы сонда ағып жатыр.

Елена ШМАКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

АУДАРМА: үйдің ішіне кірген судың деңгейі 21 см. Жаңадан салған жаңа моншамызды су шәйіп кетті. Коммуналдық қызметтер суды сорып кетеді. Ол қайтадан жиналады. Енді бұл үйді тастап, пәтер жалдауға тура келеді.

Жалпы қала бойынша 12 үйді су басты. Судан зардап шегіп отырған тұрғындар айкөмек жедел желісіне жүгініп жатыр. Осы уақытқа дейін 120-ға жуық хабарлама түскен. Төтенше жағдай мамандары қазір бар күшін көшелердегі суды тартумен айналысуда. Екі күннің ішінде 22 мыңнан астам текше метр су сорылды.

Кирилл ИВАННИКОВ, СҚО ТЖД АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

облыс бойынша су басқан үйлер жоқ. Қазір Тайынша ауданында республикалық маңызы бар бір тас жолдың үстімен су ағып жатыр. Тасқынның алдын алу шараларына 280 адам жұмылдырылған. Жағдайды күні-түні бақылап отырмыз.