Русский Сайттың толық нұсқасы

Қуандық Бишімбаевтың ісіне қатысты кезекті сот процесі өтті

“Мен оны қасақана өлтірген жоқпын”. Әйелін аса жауыздықпен өлтірді деген күдікке ілінген Қуандық Бишімбаев сотта осылай деді. Экс-министр Салтанат Нүкенованың өліміне қатысы бар екенін мойындағанымен, қатігездік көрсетпедім деп ақталды. Ата-анасының алдында кешірім сұрап, жұбайының қыңыр мінезіне қарамай қатты сүйгенін еске алды. Елдің назарын аударған сот процесі адвокаттардың дебат алаңына айналды. Бір-бірінің әр сөзінен ілік іздегендер беттен алып төстен шабуға дайын. Сонымен бұл жолы қандай ақпараттың беті ашылды? Сот алаңынан Аружан Задабек ақпарат таратады.

Кезекті сот процесі. Қызықтың көкесі енді басталды. Өткен жолы Нүкенованың ағасы қарындасының аяусыз таяқ жеген фотосын алып келіп еді, бұл жолы Бишімбаевтың қорғаушысы үлкен плакатын арқалай келіпті. "Судья рұқсат берсе көрсетемін" деп уәде берді. Ал, күдіктінің анасы отырыс басталғалы дұғасын оқумен болды. Қуандық пен адвокаты хат алмасып, қағаз арқылы көп шүйіркелесті. Осы сәтте қорғаушылар арасында қызу бәсеке басталды.

“Мен әдейі істеген жоқпын”. Бұл - Бишімбаевтың аузынан шыққан сөз. Ол ешқандай қатігездікпен өлтіру болмады, -деп, Құдайдың атымен ант берді. 5 ай бойы түрлі сөзге шыдағанын, арының тапталғанын алға тартып, өзіне де оңай емес екенін айтты.

Қуандық БИШІМБАЕВ, КҮДІКТІ:

Мені жек көрулеріңізге болады, мені қарғауыңызға болады. Жаратқанның алдында, сіздердің де алдыңызда жауап беруге дайымын. Салтанатты жақсы көрдім. Мен әйелім Салтанатты аса қатыгездікпен, мақсатты түрде өлтірді деген айыпты мойындамаймын.

Бишімбаевтың бұл сөзі марқұмның анасының жанына қатты батса керек. Шыдамады. Көз-жасы бұрқ ете қалды.

“Қалай ғана қатыгездік болмады деп айта аласың, сен оны 8 сағат бойы өлтірдің» деп айыптады.

Бишімбаев тосылмады, ақталуға құқым бар деп кесті. Әңгімесін әрі қарай күлімдеп жалғастырды. Көңіл-күйінің жақсы екенін Прокурор да байқаса керек, мәселені күлкіге айналдырмаңыз деп ескерту жасады.

Даудың басы - қызғаныш. Бишімбаев "Мен емес, керісінше, ол менің әр қадамымды аңдып отырды", - дейді. Ешкіммен сөйлестірмеген. Бишімбаев Нүкенованы емес, Нүкенова Бишімбаевты ұрған, пышақпен қорқытқан-мыс. Тіпті, бір кездері Қуандықтың таныстары Салтанатқа ұқсас арудың порнографиялық видеосын жіберген. Күдікті мәселенің ушығуына осы себеп болғанын айтады.

Лейла РАМАЗАНОВА, Қ. БИШІМБАЕВТЫҢ АДВОКАТЫ:

Мен сенімді түрде менің қорғауымдағы азаматтың аса қатыгездікпен өлтірмегенін айта аламын. Оны қайталап айтуға дайынмын.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Қуандық Бишімбаевтың ісіне қатысты сот алқабилердің қатысуымен өтіп жатыр. Барлығы 12 алқаби бар. Оның 10-ы негізгі, екеуі - запаста. Олар 300 үміткердің арасынан таңдалды. Әйелін қатігездікпен өлтірді деген күдікке ілінген экс-министрге қатысты іс 3 сәуір күні жалғасады.