Батыс Қазақстан облысының бес ауданында төтенше жағдай жарияланып, мыңдаған адам эвакуациялық бекетті паналап отыр. Ал суға кеткен төрт түлік мал мен дүние-мүліктің есебі жоқ. Тірнектеп жиған-тергенінен бір түнде айрылып, қамыққан халықпен Мәжіліс депутаттары кездесті. Су басқан үйлерді қайықпен аралап, ахуалмен танысты.
Еркін КАРИН, ТІЛШІ:
Қазір біз Аңқаты ауылындамыз. Ауылмен байланыс үзілген, судың ағыны күшейгеннен кейін асфальтты жыруға тура келіпті. Бірақ одан кейін ауылдықтар бірігіп, мынадай шағын көпір салған. Осы жалғызаяқ жолмен ауылға қажеттінің бәрі тасылып жатыр. Тұрғындарға азық-түлік, малға жем-шөп.
Баспанасы суға кеткен 55 үйдің тұрғыны қазір ауыл мектебінің интернатында. Енді ес жиған аңқатылықтар ажалдан аман қалғанына шүкір десіп отыр.
Мәншүк ЕСҚАЛИЕВА, АҢҚАТЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Түнде жатқан кезде келсе, бір семья қырылып қаламыз. Үлкен қызым бес баласымен менің қасымда жүр. Тағы бір жиенім бар еді үйде, немерелерім бар еді. Соның бәрі әйтеуір аман шыққанымызға қуандым. Біз дым документ алған жоқпыз. Тек қана кошелекте тұрған паспорттарымызды қолымызға ұстап, осылай атып шықтық киіммен. Қалай тұрдық - солай. Аяғымызға әуелі галош кидік су келгенде, сосын резеңке етік киіп алдық. Болды!
Жүсіп ҒАЛИ, АҢҚАТЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Ірі қара, бұзаулар енді қалқып кетті жасыратыны жоқ. Қойдан, ұсақ малдан шығын бар. Қошақандарымыз тұншықты. Көмек қолын созған елдің адамдары, одан кейін жаңағы құтқарушылар келіп жатыр. Оның бер жағында жер-жерден көмек келіп жатыр тұрған жерімізге. Қазақ халқының бірлігі бар екен әлі де.
Судың беті қайтқасын, тұрғындар қорадағы малын түгендеуге кірісті. Ал депутаттар бүлінген үйлерді қайықпен аралап шықты.
Еркін КАРИН, ТІЛШІ:
Мына иттердің иесінен айрылғанына бірнеше күннің жүзі болған. Осы қораның төбесінде тұр екен. Қазір құтқарушылар қайыққа әкеліп жатыр. Енді осыны қазір құрғақ жерге шығарамыз.
Нартай СӘРСЕНҒАЛИЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "АМАNАТ" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Комиссия болары болып, бояуы сіңгеннен кейін ғана тексеруге келеді. Ал судың бәрі кепкеннен кейін, үйдің қабырғалары аз-кем болсын, құрғағаннан кейін бұл жерде картина мүлдем басқаша болады. Сондықтан фото-видеофиксация жасап, келтірілген шығынды қалпына келтіру мүмкін бе жоқ па, соның барлығын қазір фото-видеофиксация арқылы, тиісті хаттама арқылы қазір түрту керек, бекітіп алу керек. Соның негізінде ертең, барлығы аяқталғаннан кейін шешім қабылдайтын кезде соның барлығы ескерілуі керек деп санаймын, азаматтар!
Қазір облыста 400-ден астам үй суға кетіп, 4 мыңға тарта адам қауіпсіз жерге көшірілген. Олардың жартысына жуығы - балалар. Тасқын қаупі күшейгесін, эвакуациялық бекеттердің қатары көбейтілді. Ал судың беті қайтқасын, арнайы комиссия шығынды есептейді.