Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралда тұрғындар көшенің сатылуына қарсы шығып отыр

  • AstanaTV
  • 26 қаңтар 2017
  • 2564

Оралда жер кезегінде тұрмаған адамдарға телім бергені үшін әкімдік мамандары жауапқа тартылуы мүмкін. Прокуратура жер осыдан 12 жыл бұрын заңсыз берілгенін анықтаған. Бірақ тұрғындар аумақта ағаштар оталып, мейрамхана құрылысы басталғалы жатқанын айтады. Олар жер жекеменшікке өтсе, жынойнаққа айналады деп шу көтерді. Тақырыпты Еркін Қарин толықтырады.

Еркін Карин, тілші:

Бұл аумақтағы алғашқы ағаш 1961 жылы ғарышқа ұшқан Гагариннің құрметіне отырғызылған деседі. Кейін аумағы ұлғайып, шағын гүлзар пайда болған. Бірақ жылдар өте күтім көрмей, иесіз қалады. Қазір де қаладағы гүлзарлардың санатынан сызылып тасталған. Тұрғындар жерді жекешелендіріп алғандардың осыны жақсы білгенін айтады.

Светлана Хангереева, Орал қаласының тұрғыны:


Бізге олар тек 20 сотық жерді алдық деді, бірақ іс жүзінде олар тұтас бір көшені жекешелендіріп алған. Содан бері бұл жер он жыл бойы қозғаусыз жатты. Сол кезде мемлекетке кері қайтарылуы керек еді ғой.

Людмила Вдовина, Орал қаласының тұрғыны:

Бұл жер менің бала кезімнен бері бар. Енді осы жерге жынойнақ жасамақшы. Біз бұған қарсымыз. Жердің өзімізде қалуын сұраймыз. Бұл - осы жердегі тұрғындардың тілегі.

Қос көшенің қиылысындағы аумақтың қазіргі қожайыны бұл жерден мейрамхана салмақ болып, өсіп тұрған ағаштарды отауға кіріседі. Мұны көрген тұрғындар шу шығарып, бірден құзырлы органдарға шағымданады. Кейін бұл іске араласқан прокуратура даулы жердің осыдан 12 жыл бұрын жекеменшікке өткенін анықтайды.

Прокуратура бізге берген жазбаша жауабында былай дейді:

Орал қаласы әкімдігінің 2005-жылғы қаулысымен Победа және 8 Март көшелерінің қиылысындағы ортақ қолданыстағы ауданы 0,2000 гектар жер құрылыс нысанына айналдырылған. Осы қаулы негізінде жер Жамбыл облысының Фаткулин және Шәмшиев есімді екі азаматына тегін беріледі. Бұл азаматтар жер алу кезегінде тұрмаса да, бұл жерді басқа бір адамға сатқан. Осыған байланысты прокуратура әкімдік қаулысын заңсыз деп тану туралы сотқа талап-арыз түсірді. Қазір осы заңсыздыққа қатысқан тұлғалардың жауапкершілігі туралы мәселесі шешілуде.

Ал қалалық жер қатынастары бөлімінің өкілдері осыдан он екі жыл бұрынғы қаулы заңсыз деп танылса, жер кері қайтарылуы мүмкін дейді.

Ерлан Ғалиев, Орал қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы:


Осыған дейін ол азамат ресторан салғысы келетін ниетін білдірді. Дегенмен жобаға сәйкес ол жерде тұрғын үйлер болғандықтан, бизнес нысаны салуға болмайтыны туралы жауап берілді. Жердің нысаналы мақсатына сәйкес өзге нысан салуға құқы жоқ.

Жердің қазіргі қожайыны берген кепілхатта мұндағы әрбір 20 түп ағаштың орнына 60 көшет отырғызуға міндеттеліпті. Прокурорлар жағдай бақылауда деп сендіргенімен, тұрғындар бұл жерді жекеге бермеуді сұрап отыр. 

Еркін КАРИН