Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбеде әйел мен баланы өлтіріп, содан кейін өзі мерт болған сотталушыға сырттай үкім шықты

  • AstanaTV
  • 02 сәуір 2024
  • 528

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында мерт болған сотталушыға үкім шықты. Ол әйел мен оның ұлын өлтіріп, оқушы қызды пышақтағаны үшін кінәлі деп танылғанымен, жаза тағайындалмады.

Қылмыстық оқиға былтыр 29 наурыз күні болды. Күдікті таңда бейтаныс пәтерге балкон арқылы кіріп, үйдегі 35 жастағы әйел мен оның ұлын пышақтап өлтіріп тастаған. Кейін кәмелет жасқа толмаған қызға да пышақ сұққан. Салдарынан ол ауруханаға жатып, ем қабылдады. Ал күдікті ұсталғанымен, көп ұзамай тергеу изоляторында өз-өзіне қол жұмсады. Осыған қарамастан марқұм сотталушының анасы баласының кінәсіз екенін дәлелдемек болып, істі сотқа жеткізді.

«Қылмыстық іс бойынша тұрғын, қызметтiк, өндiрiстiк үй-жайға не қоймаға заңсыз кiрумен жасалған қарақшылық, екі немесе одан да көп адамды өлтіру, жас баланы өлтіру баптары бойынша айып тағылып, іс қаралды. Сот отырысында тараптар тыңдалды, куәгерлерден жауап алынды. Кәмелетке толмаған жәбірленуші қараңғыда ер адамды көргенін айтты. Ол кезде балкон арқылы пәтер ішіне жарық түсіп тұрған. Күдікті қара киім киген адам болған. Сонымен бірге сот отырысында көшедегі бейнебақылау камерасының жазбасы талқыланды. Қаза болған сотталушы сол маңда бірнеше рет жүрген. Сот қылмыс жасаған соң үйіне келіп, киімін жуып тастағанын анықтады. Велосипедпен үйіне бара жатқанда құлағаны да белгілі болды. Бұл тергеу кезінде жазылған бейнематериалдан анық көрінді. Ол кәнілі деп танылды. Бірақ жаза тағайындалмайды», - деді судья Жәнібек Сейітжапаров.

Сот отырысы кезінде жәбірленуші тарап азаматтық талап арыз түсірді. Олар сотталушыдан 10 млн теңге моральдық шығын өндіру туралы талап қойды. Жерлеу рәсіміне кеткен 800 мың теңге материалдық шығынды өндіруді де сұрады. Сот сотталушының қайтыс болғанына байланысты азаматтық талап арызды қанағаттандырмады.

Сот үкімі күшіне енген жоқ.