Францияның кей қалаларында қауіптің қызыл деңгейі белгіленді. Жаңбыр суы жұртты әбігерге салуда. Табиғи апат болған аумақтағы тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілген. Еуропаның өзге елдері де тілсіз жаумен алысып жатыр.
Жаңбыр суы Франция халқын әбігерге салды. Үздіксіз жауған нөсер салдарынан бірнеше өңірді су алды. Гартанта өзенінің деңгейі қалыпты жағдайдан 2 метрге көтерілген. Шаһарларда электр желілері үзіліп, жолдар жабылды. Кейбір қалаларда қауіптің қызыл деңгейі енгізілген. Тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілді. Тілсіз жау ырық бермей тұр.
Польшаның оңтүстігінде қатты дауыл тұрып, ағаштар құлауда. Табиғи апат 5 адамның өмірін жалмады. Желдің жылдамдығы секундына 43 метрге жеткен. Үйлердің шатырлары ұшып, айнала аласапыран күйге енді. Ауа райының қолайсыздығына байланысты тәртіп сақшылары тұрғындарды үйден шықпауға шақырады. Елдегі туристік аймақтар жабылды. Құтқарушылар жолдарды құлаған ағаштар мен қирандылардан тазартып жатыр.
Рафал БАНКА, ӨРТ СӨНДІРУ БӨЛІМІНІҢ КОМАНДИРІ:
Көлікке ағаш құлап, 23 жасар қыздың өмірін қиды. Дәрігерлер қолынан келгенін жасады, бірақ өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.
Италияда да толассыз жауын жауып, шаһарларды су шайды. Артынша лай көшкіні болды. Табиғи апат болған аумақтағы тұрғындар толық эвакуацияланған. Жолдар бірнеше күнге жабылды. Су тасқыны жүрген өңірде өрт сөндірушілер мен азаматтық қорғаныс топтары гидрогеологиялық қауіпті анықтау үшін тексерістер жүргізуде.