Павлодар облысында тасқын судан 9 адам құтқарылды. Олардың ішінде балалардан бөлек, жүкті әйел мен мүгедек адам бар. Ертіс ауданына қарасты Ұзынсу ауылына түн ішінде қарғын судан қауіп төнген. Құтқарушылар мен жергілікті тұрғындар судың бағытын бұрып, ауылды су басудан аман алып қалды. Десе де, қауіп әлі сейіле қойған жоқ. Елді-мекен маңында төтенше жағдай мамандары күні-түні кезекшілік жасауда.
Асқарбек ОМАРОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:
Ұзынсу ауылында үй маңындағы аумақтар мен тұрғын үйлерді су басу қаупін жою үшін су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізілуде. Жұмыстарға 10 бірлік техника, 2 жүзу құралы, 6 мотопомпа және ТЖД мен жергілікті атқарушы органдардың 27 адамы жұмылдырылды. Сонымен қатар, жұмыстарға жергілікті тұрғындардан 28 адамы белсенді қатысуда. Ауыл тұрғындары сумен, электр қуатымен, азық-түлікпен және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді.
Өңірде 7 ауылда әлі тасқын қаупі бар. Бұдан бөлек 5 жол бөлігін су шайып кету қаупі төніп тұр. Тасқын салдарынан әлі 8 үй суда қалып отыр. Бұған 417 адам, 143 техника, 36 су сорғызу құралы, 4 қайық жұмылдырылған.