Ойыл ауданында қазір газды қайта жалғау жұмысы жүріп жатыр. Үйі жарамсыз күйге түскен адамдар спорт мектебі, лицей мен интернатта орналасқан.
Ойыл ауданында қазір шығынды есептеу комиссиясы жұмыс істеп жатыр. Тек мүлік шығыны емес, мал шығыны да бар. Мұнда Ақтөбе облыстық ТЖД бастығы Нұрғали Жүнісов, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев жүр.
— Облыс әкімінің тапсырмасымен халыққа қажетті шараларды ұйымдастыру жұмысында жүрміз. Бірінші кезекте — электр қуатын қосу. Су тасқыны кезінде 12 ауыл жарықсыз қалды. Қазір 10 ауылдағы электр желісі толық жөнделді. Қалған екі ауылға электр генераторлары жеткізілді. Барлық ауылда жарық бар. Ауыз су мәселесінің сұрақтары шешіліп жатыр. Алғашында тоғыз ауылда ауыз су болмады. Қазір жеті ауылда бұл сұрақ шешілді. Қалған екі ауылға эпидемиолог мамандар рұқсат бергеннен кейін қосылады, — деді Асылбек Есенбаев.
Оның айтуынша, Ойылдағы эвакуациялық пункттерде 153 адам бар.
—Қаратал ауылына су 29-наурыз күні түсте келе бастады. Бала мен әйелдердің бәрі ауылдағы мектепке орналасты. Ал ер адамдар мал қамын ойлап үй маңында жүрді. Сол күні түн ортасында тікұшақпен құтқарушылар жетті. Алдымен үй төбесінде қалған ер адамдарды, кейін бізді аудан орталығына жеткізді. Бәрімізді орналастырды, жағдайымызды жасады. Су қайтқанмен қазір үйіміз жарамсыз. Сондықтан бір шешімі шыққанша осында боламыз. Ойылдықтар екі мезгіл тамақтандырып отыр, алғыс айтамыз, — деді Қаратал ауылының тұрғыны Рина Жабасова.