Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеев су қоймасы толды. Бөгет үстінен ағып жатқан су деңгейі 4 метрден асты. Аймақтағы қауіпті нүктелерді премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр аралап жүр. Тұрғындармен кездесіп, ахуалды назарда ұстауда.
Сергеев су қоймасында бөгет үстімен аққан судың деңгейі 4 метрден асты. Сала мамандарының айтуынша, мұндай ірі көлемдегі су бұрын-соңды болмаған. Қазір Петропавл қаласы маңындағы ауылдарға қауіп төніп тұр. Ондағы халық көшіріліп жатыр.
Владимир СОСИПАТРОВ, ЗАРЕЧНЫЙ КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:
Бұл жерде техника күні-түні жұмыс істеп жатыр. Еріктілер де заттарды шығаруға көмектесіп жүр. Енді бар үмітті мына дамбаға артып отырмыз.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр қауіпті аймақ тардың басы қасында жүр. Су басқан ауыл тұрғындарымен кездесіп, шығынға батқан жұртқа өтемақы төленетінін хабарлады. Сондай-ақ, құзырлыларға Петропавл маңайындағы ауылдарда бөгетті күшейтуді тапсырды. 2017 жылы болған үлкен тасқын кезінде облыс орталығының қасындағы Заречный кентін су басып, жергілікті билік ауылдың айналысында 180 метрлік бөгет соққан. Қазір әкімдік өкілдері ондаған техниканы жұмылдырып, оны тағы бір метрге көтеріп жатыр. Дәл осындай шара Тепличный ауылында да атқарылуда. Ұлттық ұлан өкілдері де атсалысып, құм толы қаптарды бөгеттің үстіне үйіп жатыр.
Бекболат ЖҮСІПОВ, АУМАҚТЫҚ ӘСКЕРИ БӨЛІМНІҢ КОМАНДИРІ:
Үш күн бойы Тепличный ауылында жұмыс істедік. Кеше Қызылжар су қарамағында жұмыс істедік. Бүгін алпыс адам көлемінде Заречный кентіне келдік.
Соңғы екі күннің ішінде Есіл және Шал ақын ауданындағы 6 бірдей ауылға су кірген. 140 адам дер кезінде эвакуацияланды. 800ге жуық мал қауіпсіз жерге шығарылды. Төтенше жағдайдың салдарынан 7 ауыл жарықсыз отыр. Өзен үстімен аққан мұз бағандарды құлатып, сымдарды үзген.
Александр ЕЛИСЕЕВ, «СК РЭК» АҚ БАС ИНЖЕНЕРІ:
Қазір облыс бойынша 253 абонент жарықсыз отыр. Шал ақын ауданында 100 баған суда тұр. Жаңажол ауылында дизельдік генераторлар іске қосылып елді-мекенге тоқ берілді. Жақын арада қалған ауылдарға да жарық беріледі. Есіл ауданында жарықсыз қалған екі ауылдың мәселесін бірнеше сағаттың ішінде шешіледі.
Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:
2017 жылы су тасқыны кезінде Петропавлда Есілдің деңгейі бақандай 9 метрге көтеріліп, қала маңайындағы бірнеше ауылды су басты. Қазгидромет мамандары, биыл судың көлемі 25 пайызға көп екенін айтады.