Русский Сайттың толық нұсқасы

20 мыңнан астам полицей қоғамдық тәртіпті бақылауда

  • AstanaTV
  • 08 сәуір 2024
  • 513

Ішкі істер органдарының қызметкерлері су тасқынына ұшыраған өңірлерде тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Толығырақ Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова айтып берді.

«Ішкі істер органдарының жеке құрамы жұмысты күшейтілген режимде жалғастыруда. Жедел штабтар тәулік бойы жұмыс істеп тұр. Күн сайын 20 мыңнан астам қызметкер қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді. Сонымен қатар Полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері бірлескен авариялық-құтқару операцияларына қатысуда. Оған 4 мыңнан астам полицей мен әскери қызметшілер, ведомстволық академиялардың курсанттары тартылды», - деді Ақтоты Боранова ОҚК-де өткен брифингіде.

ІІМ өкілінің мәлімдеуінше, су басқан аймақтарда Полиция ведомствосының 700-ге жуық техникасы жұмылдырылған. Бұл патрульдік автокөліктер, қызметтік автобустар, камаздар, 2 тікұшақ және 2 ұшақ бар.

«Тәртіп сақшыларының көмегімен 10 мың метрден астам арық тазартылды. Су ағынын бөгеу үшін 144 мыңнан астам құм салынған қап төселді. Су тасқыны басталғалы 12,6 мың адам эвакуацияланды, оның ішінде 300-ге жуық адам тікұшақпен құтқарылды. Қазір полицияның қорғауында 9 135 тұрғын үй және басқа да нысандар бар, тонауға жол берілмейді», - дейді ол.