Русский Сайттың толық нұсқасы

Оңтүстік Қазақстанда 300-дей май құю бекетінің жабылып қалу қаупі бар

  • AstanaTV
  • 25 қаңтар 2017
  • 4169

Энергетика министрлігі өздері тарапынан бөлінетін жанармайдың көлемін мемлекеттік деңгейде реттеуі керек. Оңтүстікқазақстандық шағын және орта кәсіп иелері осындай ұсыныс айтып отыр. Себебі жанар-жағармайдың бөлшек саудасында табысы аз, шығыны көп. Сарапшылардың есебінше, аймақтағы 300-дей май құю стансасы құлдыраудың аз-ақ алдында тұр. Айзада Төребекқызы мәселеге үңіліп көрді.

Жанар-жағармай саудасында қиындықты сезініп жүргендердің бірі - Тұрсын Алсатов. Орта кәсіп иесі жүзге тарта адамға жұмыс беріп отыр. Айтуынша, соңғы үш жылда 40 млн теңге зиян шегіпті. Жалақы төлеудің өзі қиындаған. Оның сөзінше, министрік арқылы бөлінетін  АИ-92 маркілі бензиннің көлемі өте аз.

Тұрсын Алсатов,  кәсіпкер:

400 тонна керек болса маған, 120-100 тоннаны жылап жүріп алам. Не деген сұмдық? Қалғанын қымбат бағада алам. Менде 137 ма 130-дан алып, оны жеткізуім бар, светім бар, жұмысшыларым бар, бәріне шықпа жаным шықпамен әрең күн көріп отырмыз. Жабылудың тұсына барамыз, енді бүйте берсек.

Дәл осындай жағдай өңірдегі 480 орта және шағын май құю бекеттерін тығырыққа тіреп тұр. Кәсіпкерлердің айтуынша, ірі компнаиялар Энергетика министрлігі арқылы бөлінетін өнімнің 47 пайызын алып келеді. Өзге 53 пайызын, яғни 7 мың тоннадай АИ-80 және АИ-92 маркілі бензинді шағын кәсіп иелері қанағат тұтуға мәжбүр. Ал негізгі қажеттілік - 17 мың тонна.

Арыстанбек Жұмабек, ОҚО «Ынтымақ» тәуелсіз жанармай таратушылар қауымдастығының директоры:


Доминанттар өзінің заправкалары арқылы сатып алады. Олар прямой нефтепродукты нефтепроизводительдерден сатып алады, ал шағын орта бизнестің оған доступы жоқ. Сол себептен екі ортада малый-средний бизнес қысылып тұр. Біз, шағын-орта бизнес, оптовый рыноктан барып аламыз бензинді, олардыкі завышенный баға. Оған нақты дәлелдер бар, шот-фактураларымыз тұр, бағалары жазулы тұр. 10 пайыз маржа оптовый рынокқа - ол чересчур жирно.

Мәселеге мемлекет араласуы керек. Жанар-жағармай қауымдастығының төрағасы Қайыпбек Қамбаров, үкімет жанар-жағармайды үлестіруді өз бақылауына алуы тиіс, деп санайды. Оның ойынша, мұнай зауыттарынан шығатын өнімнің мөлшері,  бағасы және  үлестіруі ашық болып, мемлекеттік деңгейде бақылануы  қажет.

Қайыпбек Қамбаров, ОҚО  жанар-жағармай қауымдастығының төрағасы:

Егер министрлік осы айға барлық компанаияларға - Синойл, Гелиосқа - бәріне 8 мың 800 тонна ғана бөлетін болса, 10 мың тонна орта есеппен, ал қалған ай сайын 10-15 мың тонна сатылады ғой еркін нарықта, көрдіңіздер ме, осы жерде көрінбей тұр ғой. Біз сұранып жатырмыз, неге сол 20 мың тоннаның бәрі министрлік арқылы сатылмайды. Сонда ғана шағын-орта бизнес дамиды. 

Ал кәсіпкерлердің мәселесіне құлақ түрген кәсіпкерлер палатасы үкіметке ұсыныс хат әзірлеп қойыпты.

Майя Исаева, ОҚО кәсіпкерлер палатасының сарапшысы:


Бұл мәселе көптеген кәсіпкерді тығырыққа тіреп тұр. Сондықтан «Жанар-жағармай» қауымдастығының  үндеуін біз «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына  жіберуді жөн көрдік. Осы сұрақты үкімет деңгейінде көтеріп, энергетика министрлігінің алдына қояды деген ойдамыз. 

Айзада Төребекқызы, тілші:

Қазірдің өзінде  300-дей май құю бекеті құлдыраудың аз-ақ алдында тұр. Өйткені сататын өнім жоқ. Барының өзі қымбат, шығынды ақтамайды,- дейді сарапшылар. Сондықтан ендігі үміттері үкіметте.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ