Русский Сайттың толық нұсқасы

Тасқын су салдарынан баспанасыз қалған педагогтер биыл аттестаттаудан өтпейді

Тасқын су салдарынан баспанасыз қалған педагогтер үшін аттестаттау келесі жылға ауыстырылды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері хабарлады. Төтенше жағдай жарияланған өңірлердің педагогтердің білімін бағалау министрлік белгілеген жекелеген мерзімде өтеді. Жалпы биыл жаңа ережелері бекітілді. Енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды тілшіміз тарқатады.

Жаңа ережелердің ерекшеліктері баршылық. Мәселен, биылдан бастап 30 жылдан астам педагогикалық өтілі бар мұғалімдер білімін бағалаудан босатылады. Бұдан бөлек «педагог-тағылымдамашы», «педагог» санаттары алынып тасталды. Ал педагог білімін бақылау қағидаларын бұзғандар бұрынғыдай бес емес, бір жыл мерзімде аттестаттаудан өтуге жіберілмейді. Педагог білімін бағалау нәтижесінің шекті деңгейлері де әртүрлі.

Айман ДҮЙСЕМБАЕВА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІ КОМИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

Осы апталардың ішінде тест басталып қалады. Қағида шыққаннан бері тағы да біз түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Ең жоғарғы «педагог-шебер» деген біліктілік санатымыз бар. Оған осы біздің Оқу-ағарту министрлігінде комиссия жұмыс істейді.

Аттестаттаудың жаңа қағидалары «Шебер ұстаз – табысты оқушы» ұстанымын алға тартып отыр. Енді мұғалімнің жетістіктері оның оқушыларының жетістіктерімен бағаланбақ.

Бауыржан АЙТУҒАНОВ, Қ. МҰХАМЕДХАНОВ АТЫНДАҒЫ №90 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Мұғалімнің аттестациялануына балалардың жетістігі үлкен рөл атқарады. Оның барлығы мұғалімнің аттестациялануына жақсы көмектеседі және білікті арттыруға өз септігін тигізіп отырады.

Тараптардың пікірін ескере отырып биыл жаңа ережелерге 15 норма кіргізілді. Оны әзірлеуге 50-ден аса сарапшы қатысты. 2025 жылы арнайы ұлттық платформа енгізіледі. Оның негізінде мұғалімдерді аттестаттау процесі автоматтандырылып, одан әрі жетілдіріледі.

Айгүл РАМАЗАНОВА, ӘДІСТЕМЕЛІК ОРТАЛЫҚТЫҢ ПЕДАГОГТЕРДІ КӘСІБИ ДАМЫТУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Олардың сабақ беруге уақытын үнемдеу, сабақ беруінің деңгейін көтеру. Бұл түптеп келгенде педагогтің кәсіби деңгейін жоғарылату мақсатында жүргізіліп отыр.

Биыл еліміз бойынша аттестаттаудан 150 мың педагог өтеді. Ашықтықты қамтамасыз ету үшін педагог қызметінің барлық нәтижесі келер жылы іске қосылатын ұлттық платформада жинақталады. Айта кету керек, өткен жылғы тест нәтижелері биылғы аттестаттаудан өту кезінде ескеріледі.