Президент Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынына қарсы күресте көрсеткен қолдауы мен көмегі үшін қазақстандықтарға және шет мемлекеттердің басшыларына ризашылығын білдірді.
"Еліміздің бірқатар өңірінде табиғи апат орын алған сәттен бері менің атыма достас мемлекеттердің басшыларынан жылы лебіздері мен көмек көрсету жөнінде ұсыныстары жазылған хаттар келіп түсіп жатыр. Қазақстан жойқын су тасқыны кезінде жәрдем беруге дайын екенін білдіргені үшін достас елдерге шын жүректен алғыс айтады",-деді Президент.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Премьер-Министр бастаған республикалық штаб төтенше жағдайдың салдарын барынша азайту үшін пәрменді шаралар қабылдап жатыр. Зардап шеккен барлық азаматқа қажетті көмек көрсетілуде. Сондай-ақ, Президент зардап шеккендердің бүкіл шығындары өтеледі деді. Бірде-бір адам назардан тыс қалмайтынын, апатқа қарсы күрес жалғасып жатқанын айтты.
"Қиын-қыстау кезде халқымыз өзін тағы да ең жақсы қырынан танытып, бірлік пен төзімділіктің үлгісін көрсеткені қуантады. Қазақстан азаматтарына шын жүректен алғыс айтамын!",-деп жазылған Мемлекет басшысының Instagram парақшасында.