Русский Сайттың толық нұсқасы

БҚО-да су басуы мүмкін аумақтарда өзен жағасына бөгет салынып жатыр

Батыс Қазақстан облысындағы 94 елдімекенге тасқын су қауіп төндіріп тұр. Мамандардың дерегінше, мол су өңірге шамамен 15-20 сәуірде жетеді. Қазір су басуы мүмкін аумақтарда өзен жағасына бөгет салынып жатыр.

 Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Қазір біз Жайық өзенінің жағасындамыз. Мамандардың айтуынша, өзеннің суының деңгейі сәт санап, сағат санап көтеріліп келеді. Кешелі бері жергілікті тұрғындардың, белсенділердің және еріктілердің ат салысуымен ауылдың іргесінен ұзындығы үш шақырымға жетеғабыл топырақтан мынадай бөгет тұрғызылды. Бұрын-соңды бұл жерде мұндай бөгет болмаған. Ал бөгеттің іргесін жігіттер мынадай құм салған қапшықпен бекіткен. Олардың айтуынша, Жайықтан ағып келген су әуелі мына қапшықтарға келіп соғылады. Өзеннің қатты арынын сәл де болса тежейді. Сөйтіп өзеннің суын ауылға еніп кетпеуіне сәл де болса мүмкіндік беріп, ұстап тұрады деген үміт бар.

Жайық арнасынан асады деген хабарды естігенде үйінде жайбарақат жата алмаған шалғайдағы ауылдықтар бүгінде облыс орталығында жүр. Жаңақалалық 85 ерікті қап арқалап, жағаны бекітуге көмектесіп жатыр. Бүгін-ертең олардың қатарына басқа аудандардың да тұрғындары қосылмақ.

Руслан ОРАЗАЛИНОВ, ЕРІКТІ:

Мынадай жағдай, су тасқыны болып жатқасын, аз болса қол ұшымызызды берейік деп, бүгінде Жаңақала орталығынан тағы бір топ 50 шақты азаматтарымыз келді. Жан-жаққа бөлініп, қазір жұмыс атқарып жатырмыз.

Қаланың іргесімен ағатын Жайықтың жағасындағы бөгеттің осал тұстары анықталған. Қазір осы аумақты биіктету жұмыстары жүргізіліп, өңірдегі арнайы техниканың бәрі жұмылдырылды.

Азамат ХАЛЕЛОВ, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Бұл жерден техника кіре алмайды. 100-ге жуық адам жұмыс істеп жатыр. Біздің жергілікті әскери құрам бар, одан бөлек басқа облыстардан, өңірлерден келген құтқарушы командалары осы жерде жұмыс жасап жатыр.

Үйі суға кеткен мың жарым оралдық 10 эвакуациялық орталыққа орналастырылды. Қаладағы жалғыз теннис корты да қазір осындай уақытша мекенге айналды. Бұл жерді 500 адам паналай алады.

Әрсен ҒҰБАШЕВ, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Балалардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында Орал қаласындағы коммюнити орталықтар, аула клубтары жұмыстанып отыр. Одан бөлек, мына сабаққа баратын балаларға автобуспен қатынауға арнайы автобус бөлініп отыр. Кейбір эвакуациялық орталықтарда балаларға арнайы методикалық кабинет бөлініп, сол жерде онлайн оқу үшін жағдай жасалған.

Тасқын өңірдегі 94 елдімекенге қауіп төндіріп тұр. Ал бүгін Жайықтың суы 7 метр 20 сантиметрден асты. Мамандар қарғын судың бағыты мен қарқынын күн сайын әуеден барлап отыр.