Русский Сайттың толық нұсқасы

Нағыз ораза Рамазаннан кейін басталады

Бүгін еліміздің барлық мешіттерінде айт намазы оқылды. Сауаптан үміт етіп құлшылық жасауға ағылғандардың саны көп болды. Имамдар бұл күнді тек Рамазанның аяқталуы емес, 1 ай жасаған құлшылықтың жемісі деп ұғыну керек дейді. Таңмен таласа айт намазына барған Сүндет Оралбек бұл мейрамның ерекшелігін айтып берсін.

Сүндет ОРАЛБЕКОВ, ТІЛШІ:

Иісі мұсылман баласы асыға күтетін қос мереке бар десек, соның бірі -қасиетті ораза айт. Бұл мейрамның ұлағатына бойласақ, Адамдар бір біріне деген өкпе ренішін кешіріп, бауырмашылдыққа үгіттейтін, мейірім құшағын жаятын кез. Ағайын туыс, дос жаран бір бірінің үйіне айттап, шат шадыман күй кешеді. Жаратқанға жақындастыратын мерекені асыға күткендер мешітке келуде. Алдымен қазір айт намазы оқылады.

Айт намазына келгендердің қарасы қалың. 10 мың адамға шақталған Хәзірет Сұлтан мешітінде шамамен 14 мың адам құлшылық жасады. Мешіт ішіне сыймағандар ауа райының қолайсыздығына қарамастан далаға жайнамазын жайып, айт намазын оқыды.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Барша қазақ жұртын айт мерекесімен құттықтаймын. Елімізде болып жатқан табиғи апаттан аман-есен шығуды тілеймін.
- Барша мұсылман күтетін, бір жылда бір келетін мерекенің бірі.
- Алланың берген, бір-біріне қонақ болатын керемет мерекесі.

Нағыз ораза Рамазаннан кейін басталады. Бас мүфти Наурызбай Қажы Тағанұлы осылай дейді. Себебі, нәпсіні тыйып, Алланың хақ жолымен жүру әрбір мұсылманға парыз. Әрбір мұсылман әдемі киініп, иіс су себініп, көтеріңкі көңіл күймен туған-туыстың үйіне барып, құттықтап қана қоймай, бір-біріне сыйлық беріп қуантқаны жөн екен.

Наурызбай Қажы ТАҒАНҰЛЫ, ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ, БАС МҮФТИ:

Біздің енді дәстүрімізде бар ғой, 7 үйге бар немесе 40 үйге бар деп айтып жатады. Бұл шариғатта бекітілген шарт болмаса да, шариғат қолдайтын амал. Өйткені пайғамбарымыздың өзі айт намазға келген кезде бір көшемен келген, басқа көшемен қайтатын болған. Мұны ғалымдарымы "ол кісінің даналығы - көбірек адамдарды айтпен құттықтайтын еді",- дейді. Қанша үйге барған сайын адамдарды құттықтап сауапқа кенелесіз.

Айт мерекесі мұқтаждарға қолдан келгенше көмек беріп, дертке шалдыққан адамдардың көңілін сұрап, сауапқа кенелуге мол мүмкіндік.