Русский Сайттың толық нұсқасы

Елімізде 25 мың ерікті су тасқынынан зардап шеккендерге көмектесуде

Елімізде 25 мың ерікті су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға көмектесуде. Павлодарлық волонтерлар да қарғын судың астында қалған өңірлерге гуманитарлық көмек жіберіп жатыр. Бұған жергілікті кәсіпкерлер мен тұрғындар белсенді атсалысуда. Қазірдің өзінде 10 тонна зат жиналды. Бұл қажетті заттар Қостанай мен Ақмола облыстарына жеткізіледі.

Ақтөбеліктермен кездесуге келген депутаттар Ойыл ауданы Қаратал ауылындағы жағдайды өз көздерімен көрді. Қарғын су мұндағы үйлердің 95 пайызына кірген. Ауыл халқы эвакуациялық бекеттерді паналап отыр. Депутаттар баспанасыз қалған тұрғындарға көмек көрсетілетінін, су шайып кеткен елдімекендерде жаңа үйлер салынатынын жеткізді. Қазір Қаратал мен Екпетал ауылында 200-ге жуық жер телімі дайындалған.

Аманжол ӘЛТАЙ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Су тасқыны кезеңінде неге көзіміз жетті. Елдің қиыншылық сәтте біріге білетініне, бір жағадан бас, қос жеңінен қол шығарып бір-біріне қарайласа білетіндігі көп болып қауымдасып, қиындықтан қорғана білетіндігіне көз жеткіздік. Жан-жақтан ағыл -тегіл тек қана мемлекет тарапынан ғана емес бизнес өкілдері, жеке тұлғалардан көмектің үздіксіз келіп жатқанын атып оған ризашылық білдіріп жатыр.

Ал Қызылжардағы Заречный кентінде 47 адам эвакуациядан бас тартқан. Халықпен кездескен Мәжіліс депуттары жұртты жаппай қауіпсіз жерге көшуге шақырды. Петропавлда жағдай күннен-күнге күрделеніп барады. Есіл өзенінің деңгейі бір сағатта 5 сантиметрге көтеріліп, жағалаудағы ауылдарға қауіп төніп тұр. Облыста 1300 адам эвакуациялық бекеттерге көшірілді.

Еркебұлан МӘМБЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Басты міндет – адам өмірін сақтап қалу. Сондықтан депутаттар осында отырмыз. Бүгінде партия заң тұрғысында өтемақы құжаттарын дұрыс рәсімдеу үшін арнайы топ құрып жатыр.

Павлодарлық еріктілер жан-жақтан келген көмекті жинап, қаттап жатыр. Гуманитарлық көмек ертең жөнелтіледі. Аймақта атқарылып жатқан жұмыстармен Мәжіліс депутаты Вера Ким танысты.

Вера КИМ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Мен өзім де ерікті болғам. Сондықтан бұл жұмыстың қаншалықты ауыр әрі жауапгершілігі жоғары екені жақсы түсінем. Сол себепті еріктілерді қолдауға келдім. Олардың жасап жатқан жұмыстарын көрдік. Өте разы болып отырмын. Ел басына күн туған кезде жұдырықтай жұмыла білу маңызды.

Ал Қостанайдың Қарамырза ауылындағы 171 адам дер кезінде эвакуацияланып, бес жүзге жуық мал қауіпсіз жерге тасымалданды. Ауылды соңғы жеті жылда осымен 5 рет су басып отыр. Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева ел-жұртпен кездесіп, қиындыққа тап болған тұрғындардың түйткілді сұрақтарына жауап берді.

Екатерина СМЫШЛЯЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Тұрғындар 7 күн бойы эвакуация пунктінде болды. Бүгін үйлеріне қайта бастады. Гуманитарлық көмек Қарасу кентіне келді. Жуық арада Қарамырза ауылына жеткізіледі. Бірақ автожолды су шайып кеткен. Жеңіл көлікпен немесе автобуспен өту мүмкін емес. Тек арнайы техника азық-түлік пен адамды тасып жатыр.

Қарасу ауданындағы 8 елдімекен қарғын суда қалған. Әсіресе Қарамырза ауылы қатты жапа шекті. Мұндағы 53 үйді су басқан. Қазір бұл баспаналарды ылғалдан құрғату жұмыстары жүріп жатыр.