Қазақстан геологтары ғылыми мектебінің негізін қалаушы Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай елордадағы ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Сондай-ақ Мәшһүр Жүсіптің академикке берген батасы жазылған гранит белгі-тастың салтанатты ашылуы өтті. Қаныш Сәтбаев ұлтқа қызмет етуде аға буынды үлгі етті, ел ісінде барлық салаға белсене араласты. Қазақстан ғылымының өркендеуіне елеулі үлес қосқан жан. Оның ғылыми зерттеулері Маңғыстау қоры, Ембі мұнайы, Ақтөбе даласындағы газдың мол қоры жатқандығын анықтады.
Сұлтан СӘТБАЕВ, АКАДЕМИКТІҢ ҰРПАҒЫ:
Еліміздің ғылым саласын дамыту үшін бізге Қаныш Сәтбаев секілді ғалымдар көп керек. Дәл қазіргі сәтте еліміздің жер қойнауы толық зерттелмеген. Қазақстанда заңгерлер, экономистер көп. Сондықтан жастар ғылым саласына бет бұрса, еліміздің дамуына сүбелі үлес қосса деймін. Бүгін атамның 125 жылдығына орай ұйымдастырылып жатқан ауқымды шараларға өте ризамын.