Адамдарды дер кезінде қауіпсіз жерге көшіру және қарғын судан зардап шеккен азаматтарға қажетті көмек беру қазіргі басты міндет. Мемлекет басшысы Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысында осылай деді.
Жауаптыларға тасқын судан зардап шеккен аймақтардағы азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін айрықша бақылауда ұстауды және бағаның өсуіне жол бермеуді тапсырды. Сондай-ақ азаматтар үшін әуе және темір жол көліктеріне билеттің қымбаттауына жол беруге болмайтынын қадап айтты.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Эвакуациялық пункттердегі жағдайды тұрақты бақылауда ұстау керек. Жоғалған құжаттарды қалпына келтіру, құқықтық және психологиялық көмек көрсету пункттерін жедел ұйымдастыру қажет. Айтпақшы, жоғалған құжаттар да проблема болады. Адамдар үйлерін асығыс тастап кетті. Құжаттарын қалпына келтіруге көмектесу керек. Жағдай өте күрделі аудандарда қоғамдық штабтар орналастырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілсін.
Әлеуметтік желіде су тасқынына байланысты жұқпалы аурулардың таралып жатқаны жайлы видео тарады. Бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтыны анықталды. Мемлекет басшысы Денсаулық сақтау министрлігіне Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге еліміздегі санитариялық-эпидемиологиялық және эпизоотиялық жағдайға бақылауды күшейтіп, тәулік бойы мониторинг жүргізуді, ғимараттарға дезинфекция жасау жөнінде тапсырма берді. Сондай-ақ Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне тасқын судан қираған нысандарды қайта қалыпқа келтіру жөнінде бірқатар міндеттер жүктеді.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Су басқан өңірлердің әкімдері қажетті қаржыландыру туралы есепті жедел штабқа тез арада беруі керек. Сондай-ақ аумақты қоқыстан, қираған үйлер мен құрылыстардың үйінділерінен тазартқан жөн. Зардап шеккен өңірлерге Ауыл шаруашылығы, Көлік, Денсаулық сақтау, Су ресурстары, Төтенше жағдайлар, Экология, Ғылым және жоғары білім вице-министрлерін жіберу қажет.
Мемлекет басшысы азаматтар үшін тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстарына нақты уақыт режимінде мониторинг жүргізу жөнінде тапсырма берді. Сондай-ақ жыл соңына дейін су тасқынына қарсы шараларды басқарудың ұзақмерзімді стратегиясын анықтап, тиісті бағдарламалық құжаттарды қабылдау міндетін жүктеді.