Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақ балуаны жарақат алған белдесуінде Азия чемпионы атанды

  • AstanaTV
  • 15 сәуір 2024
  • 507

Бішкекте өтіп жатқан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасының қоржынына екінші алтын медаль түсті. Грек-рим күресінен 63 килоға дейінгі салмақта Ержет Жарылқасын жеңімпаз атанды.

Қазақ балуаны финалда жапониялық Аято Сузукиді жеңіп, алтыннан алқа тағынды. Екінші кезеңде маңдайынан жарақат алып, белдесу бірнеше рет тоқтатылды. Өте тартысты жекпе-жек 6:6 есебімен аяқталды. Әдіс сапасы жөнінен Ержеттің ұпайы қомақты болып есептеледі.

Бұл Ержет Жарылқасынның ересектер арасында жеңіп алған алғашқы медалі.

Ол 63 кило салмақта ересектер арасындағы ел чемпионы, 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Қазақстан біріншілігінің жеңімпазы.

Бішкектегі турнир барысында ол Оңтүстік Корея, Сауд Арабия және Солтүстік Корея балуандарын жеңді.

87 килода финалға шыққан Нұрсұлтан Тұрсынов күміс жүлдегер атанды. Ол шешуші белдесуде Иран балуаны Насер Гасем Ализадаға жол берді.

77 кило салмақ дәрежесінде сынға түскен Ибрагим Магомадов қола медаль үшін күресте Иран балуанынан 4:3 есебімен басым түсті. Ол турнир барысында әлем чемпионы, қырғызстандық Ақжол Махмұдовқа есе жіберген болатын. Бұл 33 жастағы спортшының жаңа салмақтағы алғашқы жетістігі. Былтырғы Азия чемпионатында Ибрагим Магомадов 72 кило салмақта жеңімпаз атанған еді.

Бұған дейін Азия чемпионатында еркін күрестен 86 килоға дейінгі салмақта Азамат Дәулетбеков чемпион атанған болатын.