Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралдық отбасы үйін су басқанына қарамастан, эвакуациялық орталықта бесік тойын тойлады

Өңірге қатер төндірген топан судың бетін қайтару үшін оралдық кейуана ертеден келе жатқан көне ырымды жасады. Сәуле Дүйсенбайқызы мұндай ырымды бала кезінде үлкендерден көргенін айтады. Яғни, алапат өрт болғанда, су тасыған кезде ақ жаулықты әжелер ұршықты теріс иіреді екен. Осы рәсімнен кейін тілсіз жаудың арыны басылып, беті қайтатын көрінеді. Ертеден қалған көне рәсімді жаңғыртқан қария бүгін су басуы мүмкін аумақтарға бөгет салып жатқан еріктілерге арнайы барды. Күндегідей бауырсағын пісіріп, көжесін дайындапты. Енді эвакуациялық орталықтағы балаларға ойыншық апарып, қамкөңіл балдырғандардың көңілін көтермек. 

Сәуле ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ, ТҰРҒЫН:

Балалардың еңбегін көріп жатқанда үйде жатуға шыдамадым. Одан да құрттай да болса, 73-тегі кемпір болсам да, осылай келіп, көмегімді көрсетейін деп, құрттай да болса аналық менің ниетім осы балаларыма жақсылығымды жасайын деп жатқан жағдайым бар, айналайын!

Манарбек ӘМІРҒАЛИЕВ, ТҰРҒЫН:

Апамыз 73 жасқа келсе де, міне ел үшін келіп, көжесін дайындап, бізге беріп жатыр. көжесі өте дәмді.

Аттан сүрінсе де, салттан сүрінбейтінін көрсеткен оралдық отбасы үйін су басқанына қарамастан, эвакуациялық орталықта бесік тойын тойлады. Атыраудан туған аулына бес баласымен төркіндеп келген келіншек су тасығанда уақытша паналау орнынан бір-ақ шығыпты. Дегенмен ертесіне туыстарымен бірге эвакуациялық орталықта сәбидің шілдеханасын өткізеді. Қиын кезде де дәстүрге берік отбасының бесік тойына осы орталықтың өзге де тұрғындары қатысып, қуанышты бірге тойлаған.