Русский Сайттың толық нұсқасы

«Отау» бағдарламасына өтінім қабылдау жалғасуда

Биыл 8 мыңға жуық азамат қоныс тойын тойлайды. «Отбасы банкі» жастар мен жас отбасыларға тиімді жолмен үй беріп жатыр. Қазірдің өзінде 15 мың адам өтініш тастаған. Отауға қолы жете алмай жүргендер «Отау» бағдарламасына қатысу үшін не істеу керек? Шарттары қандай? Толығырақ өзі де осы жылы баспана алғысы келіп жүрген әріптесім Аружан Задабек айтады. 

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Иә, үлкен қалада баспанасыз жүру қиын. Құрқылтайдың ұясындай болсын үйдің болғаны жақсы. Бірақ оған қол жеткізу оңай болып тұрған жоқ. Өзімнің де бас қалаға келгеніме 5 жылдан асты. Әзірге менің оң жамбасыма келетін ипотекалық бағдарлама таба алмадым.

Енді үйдің жырын жырлап жүргендер жаңа бағдарламаға өтінім тастай алады. Жақында «Отау» бағдарламасы өтінім қабылдауды бастады. Жаңа тұрғын үй бағдарламасына «Отбасы банкі» салымшылары, оның ішінде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың қатысу мүмкіндігі бар.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Мен өзім квартирада біраз жыл тұрдым. Біреуге төлегенше, лучше өзіңнің квартираңның ақшасын сол үйде тұрып төлеген жақсы деп ойлаймын.
- Жастарға өте үлкен көмек. Олар әлі жас қой. Пайдалансын, алсын. Үйлі болсын, жанұялы болсын.
- Мөлшерлемелері аз болса, 2-3% , әрине ол деген көмек қой. Қарапайым халық үшін. Әр қазағым баспаналы болсын!

Жас отбасы болсаңыз, тіптен, жақсы. Қатысушыларға бірнеше талап қойылған. Егер, сәйкес келсеңіз, баспананың 20 пайыз алғашқы жарнасын төлеп, 9 проценттік несие мөлшерлемесімен 19 жылға дейін ипотека рәсімдеуге болады.

Меруерт ӘДІЛБАЕВА, «ОТБАСЫ БАНКІ» АҚ ОРТАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ БИЗНЕСТІ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 қатысу үшін клиенттердің 18 ай бұрын ашылған депозиттері болу керек және өтінім беру кезінде соммасы депозитте 1 миллионға дейін болу керек. Қазіргі тңда бұл бағдарлама бойынша "Баспана маркет" порталы арқылы 15 мыңнан аса азаматтардан өтінім келіп түскен.

Ең бастысы, банк өз клиентін тұрғын үйді тезірек таңдауға және сатып алуға асықтырмайды. Ол үшін 6 ай уақыт берілген. Айтпақшы, тағы бір талап бар. Тұрғын үй 1964 жылдан кейін және белгілі бір материалдардан салынуы тиіс. Алматы мен Астанадағы максималды кредит сомасы - 30 млн, қалған өңірлерде - 18 млн теңгеге дейін беріледі.

 Ғалымжан ЕСҚАРАҰЛЫ, ЭКОНОМИСТ:

Сіз 25 миллион деген үйді алдыңыз ба, құрылыс компаниясы сізге 25 миллион деп тұр, мемлекет соған 5 миллион қоссын да 30 миллион десін. Сол 30 миллионды 15 жылға бола ма, 10 жылға бола ма бөліп төлеуге беріп тастау керек. Сонда бұл азаматтар үшін де ыңғайлы болып саналады.

Өтінімді қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін қатысушыларды саралау басталады. Кейін бағдарламаға қатысатын тұрғындардың тізімі банк сайтында жарияланады.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Міне, бар болғаны – осы. Өзім дәл қазір алғашқы қадамды жасадым. Өтініш бердім. Енді жауабын күтеміз. Ал, қазір мені көріп отырған, құрметті көрермен, сіздердің 30 сәуірге дейін уақыттарыңыз бар. Бірге қоныс тойын тойлайық!