Жайық өзенінің деңгейі Орал қаласы тұсында бір тәулікте 34 сантиметрге көтерілді.
«Қазгидромет» РМК БҚО филиалының 20 сәуір күнгі сағат 08.00-дегі мәліметі бойынша қаладағы гидробекетте су деңгейі 828 сантиметрге жетіп, қауіпті шекке (850 см) таяп қалды, - деп жазды KAZINFORM.
Бәйтерек ауданы Январцев ауылында 899 (+15, қауіпті шегі – 1 250 см), Көшімде 804 (+16, 850 см), Тайпақта 504 (+9) сантиметрді көрсетті.
Сонымен қатар Жайыққа құятын Шаған өзенінің деңгейі Бәйтерек ауданы Чувашин ауылы тұсында 16 сантиметрге жоғарылаған (713 см, қауіпті шегі – 1 300 см).
Орал қаласы әкімдігінен алынған мәліметке қарағанда, қазіргі таңда өзен жайылмаларында орналасқан саяжайлардан тұрғындарды көшіру жұмыстары жалғасуда.