Бұл туралы Республикалық ақпараттық штабының брифингінде ҚР ТЖМ өкілі Асқар Шәріп айтты.
Батыс Қазақстан облысында Жайық өзенінің су деңгейіне мониторинг пен азаматтарды құлақтандыру және телерадио арқылы хабарландыру әр 4 сағат сайын жалғасып жатыр. Өңірлерден ТЖ министрлігінің қосымша күштері мен құралдары тартылып жатыр. Келген күштер мен құралдар учаскелерге бөлініп, жұмысқа кірісті, - деді ол.
ТЖМ өкілі өткен тәулікте Орал қаласында қанша адам құтқарылғаны туралы ақпарат берді.
Өткен тәулікте Орал қаласының "Стеновик" бау-бақша қоғамынан 4 адам құтқарылып, 61 адам эвакуацияланды. Қалған тұрғындар бұған дейін алдын ала эвакуацияланған болатын. 1497 адам уақытша орналастыру пункттерінде, қалған тұрғындар туыстарының үйлеріне орналастырылды. Саяжай үйлерде қалып қойған тұрғындардың бар-жоғын тексеру мақсатында аралау жалғасуда, - деді Асқар Шәріп.