Қызылжарда
тұмау өршіп тұр. Бірнеше мектептің оқушылары жоспардан тыс демалысқа жіберілді.
Эпидемиологтардың айтуынша, жағдай ушығып барады. Қазірдің өзінде 17 мыңнан
астам адам өткір респираторлық вирусты жұқтырған. Аймақтағы тілшіміз Абзал
Құрманкин дендеп жатқан дерттің зардабын таразылады.
Абзал
Құрманкин, тілші:
Қызылжарда
өткір респираторлық вирус жұқтырғандар қатары былтырғыға қарағанда 1,5 есе көп.
Тұмау белең алған. Петропавлда әсіресе Гонконг гриппі кең таралып отыр, деді
дәрігерлер. Тек соңғы 5 аптаның ішінде бұл дертке 134 адам шалдығыпты. Мамандар
оның өте қауіпті екенін жоққа шығармайды.
Юрий
Пузиков, СҚО тұтынушылар құқығын қорғау департаменті басшысының міндетін
атқарушы:
Қаңтардың
алғашқы аптасында өткір респираторлық вирустың 503 фактісі тіркелсе, кейінгі
аптада 1425-ке жетті. Ал өткен аптада 2099 адам вирус жұқтырған. Жағдайдың
қауіптілігіне байланысты бүкіл ауруханаларда карантин жарияланды. Емханалардың жұмысы 12 сағатқа созылды.
Тұмаудың
өршуіне байланысты облыс орталығында 3 мектеп жұмысын тоқтатқан. Науқастар саны
көбейіп кеткен, бір балабақша да уақытша жабылды. 24 мыңдай оқушының үш жарым
мыңы, яғни 14 пайызы ауырып жатыр. Науқастар саны 30 пайыздан асқан кезде,
шаһар мектептерінде карантин жариялануы мүмкін. Алайда, бұл оқу процесіне
кедергі жасамайды, дейді құзырлы орган өкілдері.
Шекер
Жандосова, СҚО білім басқармасының бас маманы:
Егер
сабақ 5 күннен астам тоқтатылған болса, күнтізбелік-тематикалық жоспар бойынша
түзетулер енгізіледі, қайталау сағаттары есебінен. Каникул кезін пайдалануға
және қосымша сабақтарды пайдалануға тыйым салынған.
Қазақстан
бойынша 350 мыңға жуық адамға суық тисе, 1600-ден астам адам тұмауратып жатыр.
Мұндай деректі тұтынушылар құқын қорғау комитеті келтіріп отыр. Вирус
жұқтырғандардың 65 пайыздайы 14 жасқа дейінгі жеткіншектер. Еліміздегі 11 білім
мекемесінде оқу процессі уақытша тоқтатылған. Айта кету керек, қазір Ресейде де
жағдай мәз емес. Көрші елдегі 9 жүзден астам мектеп карантинге жабылған.
Абзал
Құрманкин, тілші:
Эпидемиолог-мамандар
мәліметіне сүйенсек, тұмаудың әзірге бәсеңдейтін түрі жоқ. Өткір респираторлық
вирусты жұқтырғандардың қатары апта сайын шамамен 2000 адамға өсіп келеді.
Демек, жартылай жабылған 3 мектепте жақын арада карантин жариялануы ғажап
емес.
А.ҚҰРМАНКИН