Русский Сайттың толық нұсқасы

Педофилдер өмір бойына бас бостандығынан айырылады

Педофилдер өмір бойына бас бостандығынан айырылады. Мемлекет басшысы Заңға қол қойды. Бұрын олар әрі кетсе 17 жылға сотталатын. Енді жаңа заң бойынша педофилдер түрмеден ешқашан шыға алмайды. Сондай-ақ өтелмеген жаза мерзімі қысқартылмайды. Тіпті жазаның жұмсақтау түрімен ауыстырылмайды. Педофилдер рақымшылық ала алмайды. Олар жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейді. 

Жандос ТҰЯҚОВ, ЗАҢГЕР:

Сотталған мерзімінің жартысын отыру деген сияқты ешқандай жеңілдіктер жоқ, енді жаңа заңмен қарастырылмайтын болады. Кәмелет жасқа толмаған балалар олардың аурулары үшін, немесе қылмысы үшін жапа шекпеуі керек.

Оған қоса, енді балаларға қарсы жасалған аяусыз, ауыр қылмыстар бойынша бітімгершілік қарастырылмайды. Қоғам белсенділері болашағымыз саналатын балаларды қорғайтын құжат деп отыр. Бастысы, балалардың тағдырын талқандап, арам ойларын жүзеге асыратындарды тәубесіне түсірсе дейді. 

Айнұр ЖҮГІНІСОВА, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ:

Балаға жасалып отырған қиянат менің ойымда кешірімсіз күнә болып көрінеді. Заңмен мүмкін тоқтата алмайтын шығармыз, бірақ, азайта аламыз. Ал оларды психологиямен емдеуге болатын шығар. Бірақ оны емдеуге келмейтіндер бар. Сол адам тура сол күні жазасын алу керек.