Экология және табиғи ресурстар министрлігі Климат саясаты департаменті климаттың өзгеруіне бейімделу басқармасының бас сарапшысы Айжан Мамедалиева Kazinform сауалына жолдаған жауабында елдегі климат өзгерісі туралы зерттеулердің алғашқы нәтижелерін айтты.
«Қазақстан да Орталық Азияның өзге елдері сияқты климат өзгерісіне осал ел болып есептеледі. Кейінгі онжылдықтарда Қазақстандағы ауа температурасы айтарлықтай көтерілді. Жылдық орташа температура әр 10 жыл сайын Цельсий шкаласы бойынша 0,32 градус артып отыр. 2030 жылы бұл көрсеткіш 1,7-1,9 градус, 2050 жылдары 2,4-3,1 градус, 2100 жылға қарай 3,26 градус көтеріледі», - дейді маман.
Айжан Мамедалиеваның айтуына қарағанда, температураның экстремалды деңгейде артуы адам денсаулығына, табиғи экожүйеге, ауыл және су шаруашылығына, инфрақұрылымға кері әсер етуі мүмкін.
«Жылдың ішінде түсетін жауын-шашын көлемінің өзгеру құрғақшылықты ушықтырып, елдегі ылғалдың қорын азайтып, су тапшылығын арттыруы ықтимал. Климаттың өзгеруінен мұздықтар еріп, шөлейттену жеделдейді. Орталық Азияда мұздықтар жылына 0,2-1% азайып жатыр. Кейінгі 50-60 жылда Тянь-Шань мен Памир тауларында мұздықтар 14-тен 30 пайызға еріп кеткен», - дейді сарапшы.