Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодарда сібір жарасына қатысты сот отырысы басталды

  • AstanaTV
  • 31 қаңтар 2017
  • 3174

Павлодарда адамдардың сібір жарасын жұқтыруы фактісіне қатысты сот басталды. Бұл оқиға бойынша Ұзынсу ауылының ветеринары мен ауру малдың иесі айыпталуда. Оларға өз әрекеттерінің қоғамға қауіптілігін біле тұра ветеринарлық талаптарды өрескел бұзған деген айып тағылған. Сорақысы сол, ауру сиырдың еті түгел сатылып кеткен. Салдарынан үш тұрғын сібір жарасын жұқтырып, оның біреуі қаза тапты.

Әсел Құсанова, Павлодар облыстық соты баспасөз қызметінің бас маманы:

Аталған баптың санкциясы 3 мың айлық көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзету жұмыстарына, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына немесе бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді.

Оқиға өткен жылдың шілдесінде орын алды. «Сібір жарасы» диагнозымен Ертіс ауданы, Ұзынсу ауылының үш тұрғыны ауруханаға жатқызылады. Жүргізілген сараптама дерттің «күйдіргі» екенін растады. Эпидемиологтар індет ауру сиырдан тарады деген мәлімдеме жасады.

Анықталғандай, мал иесі жайылымда жүріп ауырған сиырды сойып алған. Бұл шара ветеринарлық куәләндірусіз жүргізілген. Ірі қара малдың 117 келі еті аудан орталығындағы дәмханалардың біріне тапсырылады. Қауіпті диагноз расталған соң, 100 шақты адам дәрігерлердің жіті бақылауына алынды. Сондай-ақ, Ұзынсу ауылында карантин жарияланып, елді мекенге кіріп-шығу шектелді.