Русский Сайттың толық нұсқасы

Ректордың үйіне жасалған қарақшылық туралы дау толастамай тұр

  • AstanaTV
  • 31 қаңтар 2017
  • 2974

"Үйімнен ұрланған қомақты ақша мен бағалы бұйымдардың оқу орнымен ешбір байланысы жоқ". Қарағандыдағы Орталық Қазақстан академиясының ректоры Бақтыбай Жүнісов осылай деп отыр. «Астана» арнасының тілшілеріне берген сұқбатында жекеменшік оқу орнының басшысы өзінің ондаған кәсіпті дөңгелетіп отырған табысты бизнесмен екенін айтып қалды. Қыруар қаржыны шаруа қожалығын сатып алу үшін жинаған көрінеді.

Бақтыбай Жүнісов, Қарағанды қаласы орталық Қазақстан академиясының ректоры:

«90 жылдардан бері кәсіпкермін. Өзім тапқан ақшам. 2 жылда 33 млн теңге салық төлеппін. Негізі шаруашылықтарым санасам, 100 млн-нан астам салық төлепті. Сосын мен бюджеттен, үкіметтен 1 тиын алғам жоқ. Ауылдың баласымын, көктен ештеңе түсіп жатқан жоқ. Қазір де түсіп жатқан жоқ. Таңертең тұрам да жұмыс істеймін».

Бақтыбай Жүнісов - бірнеше шаруа қожалығы, бизнес орталықтары мен мейрамханалардың, дүкендердің қожайыны. Еске салайық, ұрылар былтыр оның зәулім үйін тонап, 1 млн 160 мың АҚШ доллары мен жалпы құны 23 млн теңгеден асатын алтын бұйымдарын қолды еткен. Ұрланған заттардың арасында атақты Карл Фаберже фирмасының «Фаберже» жұмыртқасы да бар. Алайда, үйді тонаған 3 жігіт кешікпей ұсталды.

Әлия Жошева, Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы аудандық сотының жауапты хатшысы:

Екеуі Астана қаласының, біреуі Жамбыл облысының тумалары. Сот олардың мүліктерін тәркілеп, 9,10 жылға бас бостандықтарынан айыру туралы үкім шығарды. Сотталғандар жазаларын жалпы ережедегі абақтыда өтейді. Бірақ, олар қайта шағымданғандықтан, істі қазір облыстық сот қайта қарап жатыр.