Русский Сайттың толық нұсқасы

«AMANAT»-тың белсенділері мен волонтерлері «Таза Қазақстан» науқанына қосылды

  • AstanaTV
  • 26 сәуір 2024
  • 627

«AMANAT» партиясы «Жастар Рухы» жастар қанатының 4 мыңға жуық волонтері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясына қосылды. Олар су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың үйлерін ретке келтіруге көмектесуде.

Елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы қолға алынды. Оның аясында көше тазалау, елді мекендер аумағын көгалдандыру және абаттандыру, су тасқынынан кейін қалалар мен ауылдарды қалпына келтіру жұмысы жүргізіліп жатыр.

Осылайша, «Жастар Рухының» 4 мыңға жуық волонтері су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың үйлерін ретке келтіруге көмектесуде. Волонтерлер тазалық жұмысын жүргізіп, жиһаздар мен заттарды кептіруде. Сонымен қатар үй маңындағы үйінділерді тазартып жатыр.

Мәселен, Ақмола облысы Иванковка кентінде 150-ден астам адам тұрып жатқан 67 үйді су басты. Еріктілер үйлердегі жөндеуге келетін техника мен тұрмыстық заттарды аулаға шығаруда.

«Бүгінде су біртіндеп азайып, тұрғындар үйлеріне оралуда. Сондықтан біз бірінші кезекте зейнеткерлер мен жалғызбасты аналарға көмек көрсетуге келдік. Осындай жұмыс Абай, Қостанай және Ақтөбе облыстарында бастау алды. Сын сағатта бірлігіміз бен ынтымағымызды көрсету, зардап шеккен отбасыларға көмек қолын созу маңызды. Адамдар қиындықпен жалғыз күреспеуі керек», – деді «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова.

Партиялықтар су тасқынынан зардап шеккен Ақтөбе облысының тұрғындарына да көмек көрсетуде. Жастар қанатының белсенділері су басқан Қобда ауыл тұрғындарына көмекке келді. Айта кетейік, Қобда ауданында барлығы 200-ден астам үй су астында қалды. Зардап шеккен тұрғындарға шамамен 370 мың теңге көлемінде біржолғы жәрдемақы төленуде. Үйі қалпына келтіруге жарамайтын тұрғындарға жаңа баспана салынады. Үй тұрғызылатын учаскелер анықталып, құрылыс материалдарын жеткізу жұмысы басталды.