АҚШ тұрғыны сирек кездесетін құс тұмауын жұқтырған. Бұл Америкада екінші рет қайталанып отырған жағдай, деп хабарлайды Azattyq Ruhy BBC- ге сілтеме жасап.
Техас тұрғыны құс тұмауын сауынды сиырлардан жұқтырып алған. Вирус салдарынан оның көзі қызарып кеткен. Сарапшылар, сирек инфекцияның халыққа таралу қаупі жоқ екенін, бірақ ауру малға жолағанда барынша абай болу керек екенін ескертеді. Қазір науқас оқшауланып, вирусқа қарсы дәрілермен емделіп жатыр.
Құс тұмауы негізінен ірі қара малға, адамға жұқпайды. Бірақ кейінгі уақытта АҚШ-тың Техас, Канзас, Мичиган штаттарында сиырлардың ауырғаны анықталып жатыр. Адамның құс тұмауымен ауыру дерегі өте сирек кездеседі.
Ауруларды бақылау орталықтарының (CDC) мәліметтері бойынша, құс тұмауы жұққан адамның жоғары тыныс алу жолдары мен көзі зақымданады, асқынған жағдайда пневмонияға апарып, арты өлімге әкелуі мүмкін.
АҚШ-та алғаш рет 2022 жылы H5N1 құс тұмауымен бір адам ауырған. Ол індетті үй құстарынан жұқтырған деген болжам болды және толықтай жазылып кетті. Құс тұмауынан үй құстары дереу қырылып қалады, ал ірі қара малға қаупі төменірек.
CDC адамдарға ауру малдар мен олардың өлексесіне, жабайы құстарға, ауру үй құстарына жоламауға кеңес берді. Сонымен қатар пастерленбеген сүт пен ірімшік сияқты шикі немесе шала пісірілген тағамдарды жемеуге шақырды.