Русский Сайттың толық нұсқасы

Жамбыл облысында қолдан ерекше кілем тоқитын шебер бар

Жамбыл облысында қолдан ерекше кілем тоқитын шебер бар. Қолөнерді қолға алған - қыз-келіншек емес, ер адам. Ол қазақ оюын кілемге басып шығарумен айналысады. Кәсіп иесі отбасымен бірге заманауи кілем тоқу кәсібін дамытуды мақсат еткен.

Әлімжан Алханның негізгі мамандығы- заңгер. Қазір ерекше кәсіпті дөңгелетіп отыр. Ескіні жаңғыртып, заманауи нақышта ұлттық өнерді ұлықтап жүрген азамат Жамбыл ауданы Бектөбе ауылында тұрады. Алғашында әлеуметтік желіде тафтинг жанрындағы кілемшелерді көріп қатты қызығыпты. Кейін тоқыма машиналарын зерттей келе, бизнес жоспарын жазып жергілікті билікке ұсынған. Аймақтағы атқа мінерлер қолдап, 1 миллион 380 мың теңге қайтарымсыз грант берген.

Әжелерімізден, апаларымыздан ауылда көретін едік. Кілемдер жасап әзірлегендерін. Қазіргі уақытта сол тоқыма өнерінен біздің халық алшақтап бара жатыр. Бүкіл қазақтың салт-дәртүрін, оюларын көрсетіп, ою өрнектерімен кілемдер әзірлеп, жүзеге асырып жатқан іс-әрекетіммен тоқыма өнерін жандандырып, қайтадан халыққа паш еткім келеді.

Әлімжан өз қызығушылығындағы бейтаныс бизнесті отбасылық кәсіпке айналдырды. Балалары жіп иірсе, жұбайы кілем шетін көктеуге жәрдемдеседі. Енді отбасы бұл кәсіпті одан ары дамытқысы келеді. Тек оған қаржылай қолдау керек.

Асқар ЖАНҚОРАЗОВ, АУДАНДЫҚ МАНСАП ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

2,5 пайызбен Ауыл аманаты бойынша кредит берілейін деп жатыр. Соған бизнесін алып ұсынуға болады бұл кісілерді. Ол СПК арқылы беріледі ауыл әкімшілігімен. 9 миллионның төңірегі деп айтып жатыр. Енді қазір басым бөлігін осы басқа бизнес түрі деп жатырмыз ғой жаңғы осы сияқты кілем теплица деген басқа бизнес түріне береміз деп жоспарлап отыр.

Былтыр осы Жамбыл ауданының өзінен 114 тұрғын тың идеясы үшін қайтарымсыз грант алған. Мемлекет биыл тағы да жұмыссыз азаматтарды 7 мамандық бойынша қысқа мерзімді оқудан өткізбек. Бұл аймақтағы жұмыссыздар санын азайтып, тұрғындардың тағы да жаңа кәсіп игеруіне жол ашады.