Русский Сайттың толық нұсқасы

Су тасқынына қарсы іс-шараларға 6 мыңға жуық әскери қызметші тартылды

  • AstanaTV
  • 30 сәуір 2024
  • 368

27 наурыз бен 29 сәуір аралығында су тасқынына қарсы іс-шараларға 255 бірлік техника, армиялық авиацияның 12 тікұшағы мен 5 әскери-көліктік ұшағы жұмылдырылды. Ұшу уақыты 576 сағаттан асатын 590 артық ұшу жасалды. 3 475 адам эвакуацияланып, 1 770 адам және 233 471 келі жүк тасымалданды. Осы кезеңде барлығы 2,1 млн астам құм салынған қапшық дайындалып төселді. Жалпы ауданы 435,47 га болатын 40 нысанға дезинфекция жүргізілді.

ОКҚ алаңында өткен брифингте ҚР Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Руслан Жангулин осындай мәліметтерді жария етті.

Жағдайдың тұрақтануы мен су деңгейінің төмендеуіне байланысты Қарулы күштердің жеке құрамы мен әскери техникасының бір бөлігі Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарынан тұрақты орналасу пунктеріне қайтарылды.

Орындалған жұмыстардың ішінде: Атырау облысында жергілікті тұрғындарға көмек көрсету, Жайық өзенінің жағалауын нығайту, Құлсары кентінде 2000 метрлік жағалау аумағын тазарту, «Басшы ата» орталық зиратының, №15 орта білім беру мектебінің және тұрақты су қоры сақталған алаңдардың аумағына дезинфекциялау жүргізу. 

«Ақтөбе облысында Ойыл өзені арқылы жергілікті халықты, техника мен жүктерді пароммен өткізу жалғасуда. Жайсаңбай ауылында жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілді. Ақтөбе қаласында радиациялық-химиялық және биологиялық қорғау бөлімшесінің мамандары әлеуметтік маңызы бар объектілерге дезинфекциялау жұмыстарын жүргізді. Солтүстік Қазақстан облысында әскери қызметшілер Петропавл қаласында, Бескөл кентінде және Смирнов ауылында гуманитарлық көмекті түсіруге қатысты. Әскери паромдармен 2 рейс жасалып, Прибрежный ауылына 326 адам жеткізілді», - деді спикер мысал келтіре отырып.


@ortcom_kz #CCS