Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында есірткіге қарсы іс-қимыл жүйесін жетілдіруге бағытталған құжат бірінші оқылымда қаралды. Осы заң жобасы аясында есірткі өндіретіндерді және есірткі зертханаларын құрғандарды өмір бойына бас бостандығынан айыру ұсынылды.
«Біз осы заң жобасына қолдау білдірдік, себебі қазіргі жағдай жазаны күшейтуді талап етіп отыр. Енді жазаны саралау ұсынылып отыр. Елімізде қазір есірткіні жасыратындар есірткі өндірушімен бірдей жаза алады. Бұл заң талаптарын күшейтсек, бізде сараланған жаза енгізіліп, есірткі өндіретіндер 15 жылдан өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына тартылуы мүмкін. Яғни есірткі жасыратындарға қатысты бұрынғы жауапкершілік сақталады, ал зертхана құрғандарға жаза күшейтілмек. Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Енді бұл ұсыныстар талқыланады», - деді Ішкі істер министрінің орынбасары Айдос Рысбаев.
Оның айтуынша, елімізде жалпы 36 мың адам түрмеде отыр. Соның 4 мыңнан астамы есірткі қылмысына қатысты жазасын өтеп жатыр.