Русский Сайттың толық нұсқасы

Елімізде дәрі-дәрмек 11%-ке қымбаттады

Елімізде фармацевтикалық препараттардың құны соңғы бір жылда 11 %-ке өсті. Алайда қымбатшылық мұнымен тоқтамайтын көрінеді. «Алдағы уақытта дәрілік заттарды таңбалау нәтижесінде бағасы тағы өсуі мүмкін»,- дейді сарапшылар.

Баға қалтаны қаққанымен, жан керек болған соң, жұрт амалсыздан дәрі-дәрмекті қыруар ақшаға сатып алуға мәжбүр. «Оның өзінде біріне жағдайымыз жеткенімен, екіншісінен бас тартуымызға тура келеді»,- дейді.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Қазір немерелерімізге, өзімізге барып алсақ, 4-5 мыңның өзі жетпейді ғой. Ұсақ түйек алсаң да, 10.000 теңгеден асып кетеді. Әсіресе, балалардың дәрі-дәрмектері өте қымбаттапты.
- Қартайғаннан кейін қарт кісілердің бәрі барады ғой аптекаға. Арзан зат жоқ қой қазір.

Өңірлер арасында фармацевтикалық өнімдер бағасының өсімі бойынша Ұлытау облысы көш бастап тұр. 18,4 процентке қымбаттаған. Одан кейін Астана мен Шымкент жайғасты. Ал ең төмен баға Маңғыстау облысында. Онда дәрі-дәрмек құны 5,6 процентке көтерілген.

Ұлытау облысы – 18,4%; Астана - 17,2%; Шымкент - 15,2%; Маңғыстау облысы - 5,6%.

Талғат ОМАРОВ, ҚАЗАҚСТАН ТӘУЕЛСІЗ ДӘРІХАНАЛАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Қазақстандағы дәрі-дәрмектің бағасы көршілес мемлекеттермен салыстырғанда едәуір қымбат. Тіпті, 400-500 процентке жетіп жатады. Жалпы бағаның өсуіне әуелі инфляция әсер етеді.

Дәріхана иелері дабыл қағуда. Сөздерінше, 1-ші шілдеде дәрілік заттарды таңбалаудың басталуы фармацевтикалық препараттардың бағасына кері әсер етеді. Өйткені таңбалау процесіне кәсіпкерлер қаражатты өз қалталарынан төлеуге мәжбүр болады. Әйгерім Аманбаева дәріхана ісімен 2 жылдан бері айналысып келеді. «Дәрілерді таңбалау контрафактілі өндірістер мен заңсыз тауар айналым тәуекелдерін жоя алмайды»,- дейді ол.

Әйгерім АМАНБАЕВА, ДӘРІХАНА ИЕСІ:

Біз келісімшартпен жұмыс істейміз. Налог төлейміз. Аренда төлейміз, зарплата төлейміз. Енді маркировка енгізетін болсақ, бізге дополнительно қаржы керек болады. Маркировка кішігірім бизнеске өте қиын

Дәрілік заттарды таңбалаудың енгізілуі отандық өндірушілерге де оңай соқпайын деп тұр.

Гүлдәрия МАНАКПАЕВА, «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ФАРММЕДИНДУСТРИЯСЫ» ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

Ең арзан құрал-жабдық маркировкаға керек 100 мың доллардан басталады. Одан кейін оларға 30 мың долларға дейін программа керек. Оны «Қазақтелекомның» программасымен жүйелендіру үшін. Ол тағы да жылына 2 млн рубльге дейін отандық өндірушілер тағы төлейді.

Дәріхана иелері мен отандық өндірушілер дәрілік заттарды таңбалау процесін жетілдіру керектігін айтады. "Әйтпесе, дәрі-дәрмектің бағасы алдағы уақытта 2 есеге өсуі мүмкін" дейді.