Русский Сайттың толық нұсқасы

Универсиаданың төртінші күні спортшыларымыз үшін олжалы болды

  • AstanaTV
  • 02 ақпан 2017
  • 2616

Универсиаданың төртінші күні біз үшін аса олжалы болды. Ел қоржынына бірден төрт алтын түсті. Екі қола жүлде тағы бар. Халықаралық спорт додасы басталғалы бері Қазақстанның еншісінде 15 медаль бар. Алты алтын, екі күміс, жеті қола. Осындай көрсеткішпен жалпы командалық есепте екінші орынға табан тіредік. Байрақты бәсекеде ел мерейін үстем еткен жеңістеріміз жайлы Айгүл Ермахан айтады.

Айгүл Ермахан, тілші:


Биатлоннан 15 шақырымға жекелей жарыста күміс алған Галина Вишневская Алина Райкованың алдыңғы күнгі жеңісін қайталады. Кешеден бері күш жігерін қайрап, бүгін ерлік жасады. 7,5 километрлік спринт пен нысана ату бойынша  өзгелерден ерекшеленді. Үздік нәтиже үздік алтынмен бағаланды.

Галина Вишневская, 28-ші Универсиаданың алтын жүлдегері:


Жеңіске жету үшін барымды салдым. Өз шеберлігімді көрсете алдым деп ойлаймын. Алтын соның дәлелі. басында қобалжыған едім, тез жинала қойдым. Алдыңғы қателіктерді жібермеуге тырыстым.

Фристайлдың могул түрінде жасанды төмпешіктерден өткен шаңғышы трамплиннен секіріп, әуеде сан алуан сальто жасайды. Бұл жерлестеріміздің оң жамбасына келді. Ерлер мен әйелдер жарысында спортшыларымыз Юлия Галышева мен Дмитрий Рейхерд басқаларға дес бермеді. Қос алтынды қанжығаға байлады.

Дмитрий Рейхерд, 28-ші Универсиаданың алтын жүлдегері:

Өз Отаныңда жеңіске жеткенге не жетсін. Осы алтынды алу үшін қаншама тер төктік. Еңбек зая кетпеді. Әрине, қарсыластар осал емес. Десе де, жерлестеріміздің қолдауы арқасында жеңіс тұғырынан көріндік.

Шаңғы спортынан да бағымыз жанды. Тау шаңғышысы Иван Люфт финалдық кезеңде алғырлық танытып, әріптестерін басып озды. Нәтижесінде қоржынға 4-ші алтынды салды. Жігіттерден шаңғышы қыздар да қалыспады. Анна Стоян қола алды. Жанкүйерлер қуанышында да шек жоқ.

Сабыр Мәжитов, жанкүйер:

Студенттеріміз жақсы өнер көрсетіп жатыр. Райкова 15 шақырымнан алтын ұтып алды. Бүгін Вишневская ұтып алды. Ол да қуанышты жағдай.

Михаил Дудченко, биатлоннан Қазақстан құрама командасының бас бапкері:

Бүгін біз үшін сәтті күн болды. Осы күнді күттік ғой. Қуаныштан жүрегіміз жарылғалы тұр. Спортшыларымыз мықты екенін дәлелдеді.

Айгүл Ермахан, тілші:

Қазақ спорт қоржынында қазір 15 медаль бар. Алты алтын, екі күміс, жеті қола. Осылайша командалық есепте екінші орында келеміз. Спорт болған соң жеңіс  те, жеңіліс те болады. Бүгін спортшыларымыздың асығы алшысынан түскенмен, украиналық  саңлақтар үшін оңай болмады. Сноубордшы Бигус Тарас құздан құлап, жарақат алды. Дер кезінде көмек көрсетіліп, қазір жағдайы бірқалыпты. Қазақ елі  ертең мәнерлеп сырғанау спортынан Денис Тенге үлкен сенім артып отыр. 

Айгүл ЕРМАХАН