Русский Сайттың толық нұсқасы

Су тасқыны. Әлем әбігер үстінде

  • AstanaTV
  • 03 мамыр 2024
  • 626

Бразилияның оңтүстігіндегі тасқын салдарынан көз жұмғандар саны 29 адамға жетті. Бұл туралы жергілікті билікке сілтеме жасаған Нью-Йорк Таймс басылымы хабарлаған.

Тағы 60 кісі із-түссіз жоғалып кеткен. Табиғи апатқа байланысты Риу-Гранди-ду-Сул штатында төтенше жағдай жарияланды. 10 мыңға жуық тұрғын баспанасыз қалып, жүздеген көпір мен жол қираған. Кейбір елді мекендер жарықсыз отыр.

Ел президенті Луис Инасиу да Силва тасқын жайлаған аймаққа барды.

Педро Камарина, зерттеуші: - Біздің аймаққа алдағы онжылдықта Эль-Нино және Лә-Нина табиғи құбылыстары бірдей әсер етпек. Бір жағынан су тасқыны жүріп, екінші жағынан құрғақшылық орнап, халыққа ауыр тигелі тұр. Апаттан көз ашпайтын түріміз бар.

Су басқан қорықтағы адамдар құтқарылды Кения тасқын салдарымен күресіп әлек. Билік атақты Масаи-Мара қорығындағы қонақ үйдің қызметкерлері мен туристерді құтқарды.

Жауын-шашын салдарынан өзен тасып, жүзге жуық тұрғын сырт әлемнен оқшауланып қалған. Құтқару ісіне тікұшақ тартылды. Кейбір адамдар ағаштың басына шығып алған. Бұл елде нөсер наурыздан бері толастаған жоқ. Кейінгі 2 айда табиғи апаттан 181 кісі ажал құшып, 200 мыңнан астамы үйін тастауға мәжбүр болған,-деп хабарлайды 24.КZ.