Енді «Айбын» орденінің үш дәрежесі даңқты батырларымыз – Сағадат Нұрмағамбетовтің, Бауыржан Момышұлының және Рақымжан Қошқарбаевтың атымен аталады. Бұл туралы бүгін Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Салтанатты шарада бірқатар қызметкерге мемлекеттік наградалар, жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер тапсырылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушыларды алдымен Отан қорғаушы күнімен және алда келе жатқан Жеңіс күні мерекесімен құттықтады. Осы екі мейрам жауынгерлік дәстүрдің сабақтастығын паш ететінін, батыр бабаларымыздың даңқты жолын қазір өскелең ұрпақ жалғастырып келе жатқанын айтты. Айбынды армиямыз – елдегі тұтастық пен тыныштықтың мықты қалқаны деді,-ол.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ – ҚАРУЛЫ КҮШТЕРДІҢ ЖОҒАРҒЫ БАС ҚОЛБАСШЫСЫ:
Ерлікке бейбіт заманда да орын бар. Биыл біз соңғы 80 жылдағы ең жойқын тасқынға тап болдық. Елге қатер төнген сәтте сарбаздарымыз алдыңғы шептен табылды. Ұлттық ұлан, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Төтенше жағдайлар министрлігі және Мемлекеттік күзет қызметінің жеке құрамы антқа адал болудың үлгісін көрсетті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Жеңіс күнін жақындатуға атсалысқан майдангерлер мен тыл еңбеккерлеріне әрқашан құрмет көрсетілетінін айтты. Осы ретте ардагерлерге мерекеге орай жыл сайын қосымша төлемақы берілетінін, ал биыл оның көлемі үш миллион теңгеге дейін өскенін жеткізді. Сонымен қатар өзінің бастамасымен биылдан бастап «Айбын» орденінің үш дәрежесі даңқты батырларымыздың атымен аталатынын атап өтті. Бұдан өзге, Президент геосаяси тұрақсыздық белең алған қазіргі жағдайда мықты әрі дайындығы сақадай сай әскердің маңызы зор деді.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ – ҚАРУЛЫ КҮШТЕРДІҢ ЖОҒАРҒЫ БАС ҚОЛБАСШЫСЫ:
Біздің әскери қызметшілеріміз БҰҰ аясындағы түрлі бітімгерлік операцияларға қатысып, өздерінің кәсібилігі мен жоғары деңгейдегі жауынгерлік машығын көрсетіп келеді. Жуырда Қазақстан Голан жоталарындағы миссиясын дербес орындау жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының мандатына алғаш рет ие болды. Соңғы жылдары әлем елдерінің әскери қуаты туралы рейтингтегі орнымыз едәуір жақсарды. Бұл әскеріміздің дайындығы жоғары екенін әрі үйлесімді әрекет ететінін білдіреді.
Салтанатты жиында Қасым-Жомарт Тоқаев Отан қорғаушылардың еліміздегі ынтымақ пен тыныштықты сақтауға зор үлес қосып келе жатқанын атап өтіп, офицерлерге әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер тапсырды.
Бекайдар ҚАЗКЕЕВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ҰЛАН "БАТЫС" ӨҢРЛІК ҚОЛБАСШЫЛЫҒЫНЫҢ ҚОЛБАСШЫСЫ:
Бүгін міне өзіміздің президентіміздің қолынан жоғары әскери шен алып жатырмыз. Ол үлкен мәртебе. Өзіміздің қазақ айбындары осы отанға қызмет атқару ол үлкен бізге берілген тапсырма. Соны бұлжытпай орындау әр әскери адамның борышы.
Бұдан бөлек, Президент әскери және қызметтік борышын атқаруда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады.