Русский Сайттың толық нұсқасы

Қытайда мүгедек жандарға арналған робот-ит жасап шығарылды

  • AstanaTV
  • 08 мамыр 2024
  • 670

Қытайлық инженерлер мүгедектерге арналған робот ит жасап шығарды. Жоба жасанды интеллектке негізделген. Ақылды құлтемір естиді, көреді тіпті сөйлей де алады. Заманауи ит алғашқы рет Шанхай қаласында сынақтан өтті,-деп хабарлайды 24kz.

Робот ит мүмкіндігі шектеулі жандарға жол нұсаушы. Жоба авторлары обаста осыны мақсат еткен. Сондықтан дизайннан гөрі навигация мен қауіпсіздікке басымдық берілген. Ол төңіректегі дыбыстарды естиді. Қожайынының тапсырмасын бұлжытпай орындайды.

Сондай-ақ, айналасын көреді және сөйлей де алады. Тағы бір ерекшелігі төрт емес, алты аяғы бар. Секундына 1,6 метр жылдамдықпен қозғала алады.

Чэнь Чжицзюнь, жоба авторы: - Бұған дейінгі үлгілерде төрт аяқты болып жасалған. Ол өте ыңғайсыз. Тепе-теңдікті ұстау үшін үнемі қозғалыста болуы тиіс. Көп қуат қолданады. Ал мына алты аяқты модель бірден үш аяғы қатар жұмыс істейді. Бұл кедергілерден оңай өтіп, тепе-теңдікті қамтамасыз етеді.

Ақылды үй жануарын алғаш болып Ли Фэй сынақтан өткізді. 41 жастағы келіншектің көз жанары көрмейді. Жүріп-тұруы үшін арнайы нұсқаушы ертіп жүруі тиіс. Енді ол құлтемірдің көмегімен қалаған жеріне бара алады.

Ли Фэй, Шанхай қаласының тұрғыны: - Таңқалып тұрмын. Ол мені жетектегенде жолым теп-тегіс сияқты сезілді. Кедергілерден өту, баспалдаққа мініп-түсу, жылдам жүру, жолдан өтуге таптырмайтын көмекші. Бұл біз сияқты жандарға нағыз қажет құрылғы. Ештеңге алаңдамай еріп жүре бересің.

Тағы бір ерекшелігі үнемі интернетке қосылуды қажет етпейді. Ол бір жүрген маршрутты жасанды жадыға сақтап сол бойынша жүре береді. Жүру жылдамдығын қожайыны өз ыңғайына қарай реттей алады.

Чэнь Чжицзюнь, жоба авторы: - Қарғыбауды тартсаң жәй жүреді, қаттырақ қысса шапшаң қимылдайды. Бірақ әлі де жетілдіре түсу керек. Зағип адам кілт тоқтап, бұрылған сәтте алдын ала ескерту мүмкіндіктерін қарастыру қажет. Оны соңғы сынақ кезінде байқадық.

Айта кету керек, бүгінде Қытайда 17 миллион зағип адам өмір сүреді. Оларды үнемі жетектеп жол бастап жүретін нұсқаушы тапшы. Мамандар осы робот иттің көмегімен мүгедек жандардың өзгеге тәуелділігін азайтуға ниетті.