Русский Сайттың толық нұсқасы

«Атамекен» өкілдері көтерме сауда орталықтары қажет деген бастама көтерді

  • AstanaTV
  • 03 ақпан 2017
  • 3201

Өндіруші мен сатушының арасын байланыстыратын көтерме сауда орталықтары қажет. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы ұйымдастырған басқосуда осындай бастама көтерілді. Заманауи сауда-саттықты дамыту жайы мен жаңа бағдарламаны іске асыру тетіктері талқыланды. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігі  бірқатар бастамалар көтеріп келеді, алайда біріге отырып жұмыс атқармағасын, нәтиже жоқ,-дейді  Жібек Әжібаева.

Жібек Әжібаева, Қазақстанның сауда кәсіпорындары қауымдастығының вице-президенті:

Біздің жағдайымыз өте жаман деуге болмайды. Бірақ оны дамытуға біз тиістіміз. Қазір біраз жобалар бар, программалар бар. Бірақ бизнестің ақшаға қолы жетпейді.

Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы жемісін берді. Отандық тауар шығаратын өндіріс орындары көптеп ашылды. Тек, өнімдерді нарыққа шығару мен экспорт мәселесінде әлі де кедергілер бар. Бұл мәселені назардан тыс қалдырмауымыз керек. Осылай деген кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары сауданы жүйелі, ыңғайлы, заманауи форматқа көшіретін уақыт жетті дейді. Олай етпесек, отандық өнімнің айналымы тоқтап, көлеңкелі экономиканың үлесі артады деген қаупін де жеткізді. Қазір жұмыс тобы құрылған. Мамыр айына дейін жоба жасақталып, Үкіметке ұсынылмақ.

Нұржан Әлтаев, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары:

Өзіміздің қазақстандық сондай орталықтар бар, кәсіпкерлер бар. Бірақ оларға кішкене көмек керек. Жеңілдетілген несие керек, инфраструктура керек. Мынау сауда-логистикалық орталықтар керек. Нормативтік-құқықтық актілердің барлығы ескірген. Қазір сауда саласында өте көп өзгерістер болып жатыр. Электронды түрдегі сауда. Соның артынан біз үлгеруіміз керек. Біз өте тез қадамдарымызды жасауымыз керек.