Жырға
айналған жылу орталығы. Қарағанды облыстық қоғамдық кеңес мүшелері Саран
қаласындағы жылу қазандығының құрылысын аяқтау үшін үкіметтен көмек сұрады.
Белсенділер шаһардың келесі жылы мүлде жылусыз қалуы мүмкін екеніне алаңдаулы.
Екі жыл бұрын іске қосылуы тиіс жылу орталығының құрылысы аяқталмай қаңтарылып
тұр.
«Сарандықтардың
арманына айналған қазандықтың құрылысы осыдан 3 жарым жыл бұрын басталып, кейін
тоқтап қалған. Оны салуға бақандай 5 млрд теңге бөлінген. Алайда, бас мердігер
Павлодар қазандық зауыты жұмысты аяқтау үшін тағы да қосымша қаражат сұрап
отыр. Ал, шағын шаһарда ондай мүмкіндік жоқ».
Сарандағы
2 жүзден астам көпқабатты үй 20 жылдан бері шағын қазандықтардың көмегімен
жылытылады. Бірақ мұндай қазандықтардың күші халықты тұрақты жылумен қамтамасыз
етуге жетпейді. Үйлердің суықтығын тұрғындар жылдар бойы айтумен келеді. Ал қою
қара түтіннен қаланың экологиясы да нашарлаған.
Любовь
Кривицина, Саран қаласының тұрғыны:
Шахардың
ауасы әбден ластанған. Ал шағын қазандықтар пәтерлерді дұрыс жылытпайды. Жылу
температурасы 16-17 градусқа жетеп жетпес. Қап-қара ыс басып, тұманданған
ортаға да көндіктік.
Орталық
қазандықтың құрылысы басталғанда тұрғындар мәселе шешіледі деп үміттенген еді.
Саран қалалық құрылыс бөлімі сол орталыққа қосылатын жаңа жылу құбырларын
тартып қойған. Алайда, 2015 жылы іске қосылуы тиіс нысанның құрылысы ақыры
аяқталмады. Іске қосылмаған құбырлар жүйесі тозып барады. Қарағанды облыстық
қоғамдық кеңес мүшелерінің айтуынша, бас мердігер Павлодар қазандық зауыты
жұмыстың жартысын ғана тындырған. Есесіне, 1 жарым жыл бойы құрғақ уәдеге
тойдырып келеді.
Жансұлу
Сәдуақасова, Саран қалалық құрылыс бөлімінің бастығы:
Сот
сараптамасының есебінше, қазандық құрылысын аяқтау үшін 700 млн теңге керек.
Мердігер қондырғылар қымбаттады, тағы ақша беріңдер деп отыр. Құбырлардың
қақпақтары мен тетіктерін ұрылар тонап жатыр. Яғни қазандықты күтіп жүргенде
жылуды тарататын құбырлардан айырылатын болдық. Олар 5 жылдан бері бостан босқа
шіріп жатыр.
Тұрғындар
Павлодар қазандық зауытын сотқа беріпті. Қарағанды облыстық қоғамдық кеңес
мүшелері бұл даудан ештеңе өнбейді деген пікірде. Кәсіпорын сұраған сома қала
бюджетінде жоқ. Сондықтан белсенділер үкіметтен көмек күтеді.
Николай
АБТ, Қарағанды облыстық қоғамдық кеңес мүшесі:
Зауыт
қожайындары құрылысқа бөлінген соманы алдын ала 100 пайыз алған. Қазақстанда
миллиардтан астам соманы алдын ала алған бірде бір бизнесмен жоқ. Оларды қамау
керек. Мәселені шешудің бір-ақ жолы үкіметтен қайта ақша бөлдіру.
Шахандағы
төтенше жағдайдан кейін аймаққа келген Мәжіліс депутаттарына кеңес мүшелері осы
мәселені жеткізген еді. Егер жылу орталығы іске қосылмаса, Саран халқының
келесі қыста жылусыз қалу қаупі бар.