5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының спорттық бағдарламасы қысқартылды. Сондай-ақ, ойындардың бағдарламасынан көрнекі спорт түрлері жарыстар алынды.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыру Комитетінің төрағасы Роман Склярдың төрағалығымен 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізуге дайындық туралы кеңес өтті.
Кеңеске ҚР Спорт және туризм министрі Ермек Маржықпаев, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу Дирекциясының басшысы Наиль Нұров, Мәдениет және ақпарат, Қаржы министрліктерінің, Астана қаласы әкімдігінің өкілдері қатысты.
Дирекция басшысы Наиль Нұров ойындарға дайындық барысы туралы, сондай-ақ ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бюджетті қысқарту жөніндегі тапсырмасының орындалуы туралы толығырақ айтып берді.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бірқатар өңірлеріндегі күрделі су тасқыны жағдайын ескере отырып Үкіметке, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға имидждік іс-шаралардан бас тартуды және алда өтетін Көшпенділер ойындарына жұмсалатын шығындарды қысқартуды тапсырды.
«Мен бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында ірі халықаралық форумды өткізуден бас тарттым. Сонымен қатар Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жұмсалатын шығынды қысқартамыз. Әрине, қазір бұл шарадан түпкілікті бас тарту мүмкін емес. Бірақ оған жұмсалатын қаржы көлемі айтарлықтай азаяды. Бұдан бөлек, еліміздің Токиода өтетін Дүниежүзілік көрмеге қатысуына бөлінген бюджет те қысқарады», – деді Мемлекет басшысы су тасқыны салдарынан эвакуацияланған Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындарымен кездесуде.
Президент тапсырмасына байланысты 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі Дирекциясы спорттық бағдарламаға өзгерістер және ұсыныстар енгізді.
Ойындар бір күнге қысқартылып, енді іс-шара 8-13 қыркүйек аралығында өтеді.
«Ссирым» ойыны толығымен алынып тасталды. «Мас-рестлингтен» 4 салмақ дәрежесі алынып тасталып, 8-і ғана қалды. Медальдар ерлер арасында 5 салмақ дәрежесі бойынша, ал әйелдер арасында 3 салмақ дәрежесінде ойнатылатын болады. «Көкпар» 6 күннен 3 күнге қысқартылды. «Алыштан» салмақ дәрежелері екі есе қысқартылды. «Құраштан» 3 салмақ дәрежесі алынып тасталды. «Арқан тартыс» тек 2 салмақ дәрежесі бойынша ерлер мен әйелдер арасында өткізілетін болады.
Ойындардың спорттық бағдарламасына «Көкбөрі» және «Кореш» қосылды. Қырғыз ойына Көкбөрі олимпиадалық жүйе бойынша 3 күн ішінде өткізіледі. Кореш татар белдік күресі тек ерлер арасында 4 салмақ дәрежесінде өтеді.
Сондай-ақ, кеңесте еріктілердің, ұйымдастыру комитетінің, төрешілердің мен қызметкерлердің киім нұсқалары таныстырылды.