Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда тасқыннан зардап шеккен тұрғындар техникалық сараптаманы қайта жүргізуді сұрайды

Қызылжар өңірінде тасқыннан зардап шеккен Покровка ауылының тұрғындары техникалық сараптаманы екінші мәрте жүргізуді сұрайды. Бүгін “AMANAT” партиясы Есіл ауданында қоғамдық қабылдау өткізіп, халықтың базынасына құлақ түрді. Сәуір айында Есіл өзені тасып, елдімекендегі бірқатар үйді су басқан еді. Бүгінде жағдай біршама тұрақталды. Жұрт үйлеріне оралып, қалпына келтіру жұмыстарын қолға алды. Мамандандырылған компаниялар бағалау жұмыстарын жүргізіп, үйлер апатты емес деген қорытынды шығарған. Алайда, тұрғындар мұндай шешіммен келіспей отыр.

Инга ТОДОРОВСКАЯ, ПОКРОВКА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мен 2022 жылы Дипломмен ауылға бағдарламасы бойынша Покровка ауылында үй сатып алдым. Қазір ол кепілдікте тұр. Комиссия келгенде оның жағдайы тұруға жарамды болды. Ал қазір қабырғасы қақырайып, төбесі түсіп жатыр. Іргетасы да жарыла бастады. Мен ол үйде кішкентай баламмен тұра алмаймын.

Есіл ауданында алапат тасқыннан 3 ауыл зардап шекті. 117 баспана су астында қалды. Тұрғындарға 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде біржолғы көмекке берілді. Қазір енді олар арнайы комиссия бекіткен шығын көлемінің өтелуін күтіп отыр. Жалпы, “AMANAT” партиясы облыс бойынша осымен тоғызыншы рет қоғамдық қабылдау өткізіп жатыр.

Гүлфира РАМАЗАНОВА, "AMANAT" ПАРТИЯСЫ СҚОФ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ БӨЛМЕСІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

Біз қоғамдық қабылдауды тасқынның ең қызған шағында өткізуді бастадық. Ол кезде жұртқа психологиялық тұрғыда көмектестік. Одан кейін бір реттік көмекке арыз жіберудің амалдарын түсіндіріп, бағалау комиссиясына қажетті құжаттарды әзірлеуге көмек бердік. Қазір енді шығынды өтеуге қатысты мәселелер туындап жатыр. Енді осы проблемаларды қарастырамыз.