Русский Сайттың толық нұсқасы

Мемлекеттік сатып алу рәсімі жеңілдейді

Тендер төңірегінде дау басылар емес. Былтыр мемлекеттік сатып алуға байланысты 106 қылмыс тіркелді. Бұл – елдегі әрбір алтыншы сыбайластықтың осы секторға тиесілі екенін көрсетеді. Негізі осыдан 10 шақты жыл бұрын мемлекеттік сатып алу процесі электронды форматқа ауыстырылды. Бірақ құйтырқы әрекет әлі тыйылған жоқ. Мәселенің ушыққанын Президент те айтқан. Осыдан кейін депутаттар заңға өзгеріс енгізуді бастады. Бүгін сол норма екінші оқылымда мақұлданды. Енді түйткіл тарқала ма? Аружан Задабек жауаптылармен тілдесті.

«Тендерге әркімнің-ақ бар таласы». Ақша жүрген жерде заңсыздық болуы жазылмаған заңдылыққа айналып кеткендей. Қазір мемлекеттік сатып алу жүйесінің машақаты көп. Білместік пе, білгіштік пе, әйтеуір елдегі шенді-шекпенділер тапсырысын нарықтағы бағадан қымбатқа көрсетіп, бюджеттің 40 млрд теңгесін шығындай жаздаған. Енді бармақ басты, көз қысты әрекетке баратындарға заң күшейеді. Құқық бұзғандар айыппұл арқалайды. Жаза – 30 АЕК. Егер әрекетін тағы қайталаса 60 АЕК-ге дейін өтеуі керек. Бұл норма жаңа заң жобасында көрсетілген.

Руслан ҚОЖАСБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Жеткізушілер жалған ақпарат ұсынған жағдайда оларды мемлекеттік сатып алудың адал емес қатысушылары деп тану туралы талапты сотқа бермегені немесе уақтылы бермегені үшін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексте сатып алуды ұйымдастырушыға жауапкершілік қарастырылады.

Біздің мемлекеттік сатып алу секторының басты үш проблемасы бар. Оның бірі – сапа мәселесі, екіншісі – жемқорлық, үшінші - процестің күрделілігі. Заң жобасы осы олқылықтардың орынын толтыруды көздейді. Алдымен сатып алу жеңілдейді, - дейді депутаттар.

Мұқаш ЕСКЕНДІРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Менің ойымша, бұл – ең үлкен жеңілдіктің бірі. Бұның барлығы тендерді, конкурсты ұйымдастыру мәселесі. Екінші жағы бар. Ол ұтып алған компанияның жұмысты қалай орындайтыны және жергілікті органдардың қалай қабылдайтыны.

Мемлекеттік сатып алудың негізгі міндеті – қаражатты үнемдеу. Қазына қаржысының оңды-солды шашылмауын сіз де бақылай аласыз. Сатып алу порталы ашық. Бағаны негізсіз көтергендерді байқасаңыз Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне хабарласасыз. Былтыр сонын арқасында 750 миллион теңгенің негізсіз жұмсалуына тосқауыл қойылған. Биыл жаңа норма шеңберінде бұл істе ілгерілейді, - дейді вице-министр.

Дәурен КЕҢБЕЙІЛ, ҚР ҚАРЖЫ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Заңның негізгі ерекшеліктері, біріншіден – процедуралардың қысқаруы. Ол жаңа институттардың енгізілуі. Қоғамдық бақылау, ЕРС шарттары. Ол әлеуетті өнім берушілердің жауапкершілігін ұлғайту. Ең маңыздысы – отандық тауар өндірушілерді қолдау.

Мәжіліс депутаты, AMANAT фракциясының мүшесі Болатбек Нәжметдинұлы мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру қажет, - дейді. Бизнеске көрсетілген қысымды тоқтатып, әкімшілік кедергіні жою керегін айтады.

Болатбек НӘЖМЕТДИНҰЛЫ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Өкінішке қарай, мемлекеттік органдардың тар ведомстволық мүддесінде құрылған квазимемлекеттік кәсіпорындар бизнестің бәсекелестік мүмкіндіктерін төмендетеді, олардың үлкен штаттарын ұстауға бюджеттен әжептәуір қаражат бөлінеді. Квазимемлекеттік сектор үшін қолдан жасалған артықшылықтарды алып тастау маңызды.

Жаңа нормаға сәйкес қосалқы мердігерлікке берілетін жұмыстың шекті көлемін азайтуға болмайды. Конкурста көрсетілмеген мердігерлерді тартуға да тыйым салынады. Ауыл әкімдіктері үшін сатып алу шегі 3000 АЕК-тен 4000 АЕК-ке дейін ұлғаяды. Заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды.