Русский Сайттың толық нұсқасы

Президент Орталық Азия елдері қауіпсіздік кеңестерінің хатшыларын қабылдады

Соңғы бес жылда өңірішілік сауда 80 процентке өсіп, 10 миллиард доллардан асты. Жетістік бұл ғана емес. Мемлекетаралық саяси диалог жаңа деңгейге көтерілген. Мәдени-рухани байланыс та нығая түскен. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдері қауіпсіздік кеңестерінің хатшыларымен өткен жиында айтты. Президент бұл кездесу сыртқы және ішкі сын-қатерлер мен қауіптің алдын алу үшін күш-жігер біріктіретін тиімді алаңға айналуы керек, - деді. Басқосуда тағы қандай маңызды мәселелер талқыланды? Аружан Задабектің сюжеті.

Қазір әлемді алаңдатқан мәселе көп. Сын-қатерлердің көбі трансшекаралық сипатқа ие. Әсіресе, экстремизм мен терроризм, есірткі тасымалы мен қару-жарақ саудасына қатысты түйіткіл аз емес. Осы орайда Ауғанстанға баса мән беру керек. Террористік ұйымдарға қатысты да қауіп жоғары.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біздің ойымызша, Ауғанстанды өңірлік байланыстарға белсенді тарту – дәл қазіргі кездегі стратегиялық міндеттердің бірі. Мұнда көп нәрсе біздің елдеріміздің үйлесімді ұстанымына байланысты. Қазақстанда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Орнықты даму жөніндегі аймақтық орталығын ашу өзекті мәселе деп санаймыз.

Бұл басқосу - Орталық Азия мемлекеттері басшыларының алтыншы Консультативтік кездесуіне дайындықтың маңызды кезеңі. Ол жиын 9 тамызда Астанада өтеді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз Аймақтық кооперацияны дамыту жөніндегі «Орталық Азия – 2040» стратегиясын әзірледік. Өңірлік тығыз қарым-қатынастың басымдықтары, ең алдымен, бесжақты ықпалдастықты кеңейтуге және Орталық Азияның халықаралық субъектілігін нығайтуға бағытталған. Бұл құжатты Астанадағы саммит барысында қабылдаудың өңір үшін концептуалды мәні зор болатынына сенімдімін.

Шетелдік серіктестермен жан-жақты байланыс нығайды. Қазір әлемдік ойыншылар «Орталық Азия +» форматына зор қызығушылық білдіріп отыр. Былтыр өткізілген кездесулердің қорытындысы – соның дәлелі. Жиынға келген қонақтар оған Қазақстанның қосқан үлесі зор, - дейді.

Марат ИМАНКУЛОВ, ҚЫРҒЫЗСТАН ҚАУІПСІЗДІК КЕҢЕСІНІҢ ХАТШЫСЫ:

Бүгін біз өте маңызды мәселелерді талқылап жатырмыз. Біз қоғамда орын алып жатқан өрескел оқиғалармен күресеміз. Ал, бұл алаң – сол түйіткілдерді ашық айтып, пікір алмасатын орын. Оның шешу жолдарын бірігіп ойластырыған ұтымды. Сондықтан Қасым-Жомарт Кемелұлына Орталық Азия елдері қауіпсіздік кеңестерінің хатшыларымен кездесу өткізгені үшін алғысымды айтамын.

Бұл пікір ел арасындағы тату қарым-қатынасты көрсетіп-ақ тұр. Бірақ, аймақтағы елдерді бір-біріне қарсы қоятын күштер бар. Оны мойындау керек. Президент оларға бірлесіп қарсы тұруға шақырды. Сонда ғана шешілмейтін мәселе болмайды, - деді. Осы сәтті пайдаланып су тасқыны кезінде көрсеткен қолдауы мен көмегі үшін бауырлас мемлекеттерге алғыс айтты.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз мұны жоғары бағалаймыз және оны шынайы достықтың, тату көршіліктің және өзара қолдаудың айқын дәлелі ретінде қарастырамыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі кездесу Орталық Азия елдерінің қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастығын нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді. Расымен, қазір ахуал өзгерген. Осыдан 10 жыл бұрын Орталық Азия өңірінде мұндай жағдай болмаған еді. Экономикалық ведомстволарды басқаратын тұлғалар былай тұрсын, мемлекет басшылары, үкімет пен күштік құрылым жетекшілері, қауіпсіздік кеңесінің хатшылары бір-бірімен тығыз араласпайтын. Осыдан-ақ байланыстың қаншалықты артқанын байқауға болады.

Виктор МАХМУДОВ, ӨЗБЕКСТАН ҚАУІПСІЗДІК КЕҢЕСІНІҢ ХАТШЫСЫ:

Өзбекстан мемлекеті Қасым-Жомарт Тоқаевты Орта Азия елдерін дамытуға үлкен үлес қосты деп есептейді. Біздің Астанадағы бұл кездесуіміз тарихи оқиға болмақ. Бұл қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты арттыруға септігін тигізеді. Осы жины арқылы маңызды мәселелердің тиімді тетігін таба аламыз.

Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев та делегация басшыларына ілтипат білдіріп, алғысын айтты. Бірлесіп біраз мәселенің бетін қайтарарымызға сенім білдірді.