Русский Сайттың толық нұсқасы

Универсиаданың жабылу салтанаты болды

  • AstanaTV
  • 08 ақпан 2017
  • 3009

Универсиада нағыз спорт мерекесіне айналды. Ал спортшылардың жетістігі - ел үшін абырой. Бұл бұқаралық спорттың даму көрсеткіші. Осылай деген президент Қазақстан құрамасын құттықтады. Бүгін спорт додасының жабылу салтанаты болды. ФИСУ мамандары универсиаданың ұйымдастырылуына жоғары баға берді. Кезекті Универсиада 2019 жылы Ресейдің Красноярск қаласында өтеді. Бүгін ойын алауын осы елден келген арнайы делегацияға тапсырылды. Студенттік ойындарда қазақстандық спортшылар ғана емес, жанкүйерлер де белсенділік танытты.

Қазақ жастарына өте ризамын. Шама шарқынша өнер көрсетті. Ұйымдастырушылар өте тамаша ұйымдастырған. Қазақстан тек алға деймін!

Қазақстан туын көкке желбірету үшін қанша спортшылар жанын салып еңбек етті. Қаншама алтын алды, жетістікке жетті, соның өзі Қазақ үшін қандай құрмет?!


Қазақстан құрамасы өз топырағында өткен Универсиада ойындарында спорттық жетістіктерін үш есеге жақсарта білді. Бұған дейін мұндай көлемде медаль алып көрмеген. Соңғы рет 2015 жылы Испанияда өткен универсиадада 11 медаль алған. Бұл жолы студент-спортшылар барлығы 36 медальға қол жеткізді. Бүгін соңғы болып мұз айдынына шыққан хоккейшілеріміз қоржынға күміс салды. Ресей алтынға ие болды. Ал Чехия мен Канада арасында өткен тайталаста Канада құрамасы жеңіске жетіп, қоланы қанағат тұтты.

Осылайша Қазақстан құрамасында 11 алтын, 8 күміс және 17 қола. Бұл көрсеткіш жалпы есепте екінші орынға табан тіреуге мүмкіндік берді. Бірінші орында Ресей құрамасы, олар 71 медальға қол жеткізді. Ал үшінші орында 11 алтын, 5 күміс, 5 қоламен Корея Республикасының спортшылары тұр. Жапонияның медалі Кореядан көп - 28. Бірақ алтындары аз болғандықтан, 4-ші орынға тұрақтады. Ал Польша спортшылары 12 медальмен бестікті қорытындылады.